"Шетелдегі әр қазақ – біздің жалғызымыз. Тәуелсіздіктен кейін жалпы саны 1 миллионға жеткен қандастарымыз керегемізді кең, тереземізді тең қылды. Дәл қазір «Қазақ көші» қаңтарылып тұр. Бұған әрине билік тарапынан жасалған мың сан кедергілер тосқауыл болуда. Дегенмен мұндайда ел ағаларының пікірі айрықша маңызға ие. Сондықтан қазақ билігі құшақ жайып тұрмаса да, алыстағы бауырларға сіздердің бір ауыз жылы сөздеріңіз керек. Яғни шекарадан шет жүрген қандастарымызға игі тілектеріңізді арнап, хат жазсаңыздар. Сол арқылы олардың Атажаұртқа оралуына түрткі болсаңыздар. Біз Сіздердің хаттарыңызды «Қамшы» порталына және шетелдегі барлық қазақ сайттарына жариялаймыз. Бұл Алаш азаматтарының азаматтық парызы деп білеміз және тарих алдындағы міндетіміз."
