Айтыскер ақын Ринат Заитов «Астана» арнасындағы «Сырласу» бағдарламасында қонақ болып, біраз сырын ақтарды, — деп хабарлайды Baistars.kz.
Айтыскер ақын соңғы жылдары оған «жоғарғы жақтан» біреудің айтысқа шығуына кедергі келтіріп жүргенін тілге тиек етті. «Айтысқа шақырса — барып қатысамын, бірақ көп жағдайда менің қатысуымды қаламайтындар бар көрінеді» — дейді ақын. Жүрсін Ерманмен БАҚ беттерінде біршама дауласқанымен, қазіргі таңда жақсы қарым-қатынаста екенін айтып, біраз өсек-аяңның түбіне нүкте қойғандай болды.
Әңгіменің дені көбіне оның соңғы кездері қазақ эстрада жұлдыздарының әндеріне сөз жазуы төңірегінде өрбіді. Айтыскер ақын эстрададағы әншілерді «қазақи және қазақи емес» деп қарастыратынын айтты. Сонымен қатар кейбірінен тіпті жиіркенетінін жасырмады. Оған әсіресе «Орда» тобының солисі Ерболат Беделханның бастауымен құрылған топтың («Ninety One» — авт.) шаштарын бояп, сырға тағып жүретіні мүлде ұнамайды екен. Ол тіпті олардан қорқатын көрінеді. «Оларды теледидардан көрсетіп отырған адам да — қылмыскер, оларды шығарып отырған адам да — қылмыскер, оларға ән жазып отырғандар да — қылмыскер. Олардың өздері де үлкен қылмыскерлер!» — деді ақын. «Заман дегенімен, әр ұлттың өз болмысы бар, өзіне тән әндері бар» — деп сөзін жалғады айтыскер.
Естеріңізге салсақ, «Ninety One» тобы 2015 жылы «Орда» тобының солисі Ерболат Беделханның бастауымен құрылды. Жақында ғана топтың Q-pop (Qazaq-pop) деп аталатын субмәдениеттің негізін қаламақшы екені хабарланған еді.