Азаматтың жеке өміріне қол сұқпайық!

/uploads/thumbnail/20170708212018837_small.jpg

Әлеуметтік желілерде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіздік жылдары бар қазақтың көзайымына айналған «Бауыржан-шоу» әзіл-оспақ театрының негізін қалаған өнер тарланы Бауыржан Ибрагимов пен әлдебір қонақ үй қызметшісінің арасындағы кикілжің жазылған видео кең таралып, қызу талқыға түсуде. Әдеттегідей, желі қолданушыларының басым бөлігі азаматты сынға алуда. Тіпті, ойда-жоқта пайда болған видеоны жерден жеті қоян тапқандай қуана қабылдағандар да бар сияқты.

Әріден ойласақ, видеода жазылған жағдайлар кез-келген адамның өмірінде болып жатады. Мұндай, Бауыржанның бар айыбы – Құдайберген Бекіш айтқандай, «проклятая популярность», яғни, танымалдығы. Алайда, оның танымалдығы ешкімге оның жеке құпияларын ашуға, жер жаһанға таратуға, көп болып талқылауға құқық бермейді.

Екіншіден, ол видео болған жайдың жай-жапсарын толық түсінуге мүмкіндік бермейді. Шынымен де, елге танымал азамат ашуланатындай, дауыс көтеріп, ызаланатындай жағдай болған шығар. Еліміздегі қай салада болмасын, қызмет көрсету сапасының қандай деңгейде екені бәрімізге аян ғой. Алыс жолдан шаршап келген Баукең шынымен де орынсыз кедергілерге тап болып ашынуы да мүмкін ғой.

Үшіншіден, сол видеоны түсіргендердің әрекетін де заң талаптарына, адамгершілік нормаларына сай деп айта алмаймыз. Видеоның жасырын, Бауыржан Ибрагимовке ескертілмей түсірілгені анық көрініп тұр. Түсіріп қана қоймай, жеке басқа қатысты құпияны ғаламторға жариялаудың заң алдында да, ар алдында да қандай жауапкершілік жүктейтінін айтпай-ақ қояйық.

«Жоқ жерден актерге адвокат табыла кетіпті» деп сөкпеңіздер. Бауыржандай азаматтың абыройы біздің бір ауыз сөзімізге қарап қалған жоқ. Тіпті, мына жағдай да оның беделіне нұқсан келтіреді деп ойламаймыз. Ол жерден алып, жерге саларлықтай қолында билігі бар, ел тағдырына жауапты лауазымды тұлға емес. Әйтпесе, прокурорлардың арақ ішкенін, полицейлердің жезөкшелермен әмпей-жәмпейлігін әшкерелейтін де видеоларды көріп жүрміз. Жоғары билік басындағылардың да сан пендешілігін білеміз. Айтпағымыз, азаматтығымызды жоғалтпайық. Арзан күлкі, жеңіл әңгімеге еріп, атпал азаматтың жеке өміріне қол сұқпайық, елге масқара болмайық.

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар