Өткен аптада мемлекет башысы ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақановты қабылдап, лаңкестікке қарсы әрекеттерге қатысты бірқатар мәселелерді пысықтады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Кездесуде Елбасы ҰҚК басшысына лаңкестікпен күрес шараларын жетілдіруді тапсырды деген ресми ақпарат тарады. Жалпы, елде біраздан бері ұмытыла бастаған осы діни радикализм жайы соңғы уақытта қайтадан қылаң бере бастады. Мәселен, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы діни ағымдардың, атап айтқанда салафизм идеясымен уланған жамағаттардың соңына шам алып түсіп, аймақтағы діни ахуал туралы республика деңгейінде дабыл қағуда. Тіпті, облысқа іс-сапармен барған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың алдына да осы мәселе қойылған көрінеді.
2015 жылы елді дүрліктірген бірде-бір лаңкестік әрекет орын алмады. Алайда, өткен жылы қазақстандық арнайы қызметтер бірқатар қауіптің алдын алғаны хабарланды. 2015 жылдың басында ел аумағында бірқатар жарылыстар мен құқыққорғау органдарына шабуыл жасауды жоспарланған ириялық лаңкес Қазақстанға кіргелі жатқан жерінен ұсталған. Сондай-ақ, Шымкентте қырғызстандық азамат қолға түскен. Жарылғыш заттар жасаушы маман делінген ол да бірнеше облыста лаңкестік актілер жасауды жоспарлапты-мыс. Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков те өтен жылдың соңын ала қаладағы құқыққорғаушылардың Елордада лаңкестік әрекет жасамақ болғандардың жолын кескенін мәлімдеген болатын. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылы да ел аумағында 11 терактінің алды алынған екен.
Саясаттанушы Досым Сәтбаев Қазақстанда ҰҚК басшысының ауысуы осы діни радикализм мен лаңкестік қаупіне байланысты деп санайды newtimes.kz-те жариялаған мақаласында.
«Өткен жылғы бұл кадрлық ауыс-түйістер Елбасының Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымының отырысына қатысып келгеннен кейін орын алуын кездейсоқтық дей алмаймыз. ҰҚКҰ отырысында лаңкестікпен күресті жандандыру ісі басты назарға алынды. Ауғанстандағы ахуалдың шиеленісуі мен ДАИШ ұйымының белсенді әрекеттері ҰҚКҰ-ға мүше елдер басшыларын алаңдатып отыр. Сондықтан да, В. Жұмақановтың ҰҚК басшылығына тағайындалуы кездейсоқтық емес. Бұл жерде оның бір кездері ҰҚК құрамындағы лаңкестікке қарсы департаментті басқарғаны да ескерілуі тиіс», - дейді саясаттанушы.
Саясаттанушы сондай-ақ, Сирияда ДАИШ құрамында соғысып жүрген содырлардың елге оралу мүмкіндігінің де қауіп екенін ескертеді. Өйткені, ресми органдардың мәліметінше, бүгінде Сирияда 150-ден астам қазақстандық соғыс қимылдарына қатысуда. Олармен бірге 200-ден астам отбасы мүшелері де шетел асқан деген деректер бар. Ауғанстан асқан тағы да 12 қазақстандық туралы да айтылуда. Осыған дейін шет елдердегі соғыс қимылдарына қатысқан 38 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған көрінеді. Сондай-ақ, лаңкестікті насихаттаған тағы 42 радикалды сенімдегі азаматтың үстінен қылмыстық іс жүргізілуде. Украинадағы сепаратистерге қолдау білдіріп, соғысқа аттанған қазақстандықтар туралы да деректер аз айтылып жатқан жоқ.
Тәуеліздіктің алғашқы жылдарында елге енген радикалды ағым насихатшылары 90-жылдары республиканың оңтүстік өңірлерінде белсенді жұмыс істеді. Қырғызстан, Өзбекстан арқылы кірген олар оңтүстіктегі жастарды өз қатарларына тартты. Оңтүстіктегі көрші елдер аумағында орналасқан діни оқу орындарына бағыттады. Соңғы жылдары, уахабизм идеясын негізге алған ол радикалдар елдің барлық аймағына орнығып үлгерді. Тек, батыс өңірлерде ғана емес, орталық, шығыс облыстарда да радикалды сенімдегі дін ұстанушылар аз емес.
Жылдан жылға діни құндылықтардың насихаты артып, елдің басым бөлігі, оның ішінде жастар дінге бет бұра бастағанда мұндай келеңсіздіктер ислам дініне көлеңке түсіріп қана қоймай, заңды әрекет ететін мұсылмандар діни басқармасы, дін істері комитеті сынды мекемелердің жұмысына да жаңа талаптар қоюда. Бұрын қылмыс әлемінің серкелерін қатарына тартқан, спортшы жастардан жасақ құрған экстремистердің біраз жақтаушылары қазіргі таңда билік басына да жетіп алған деген әңгімелер айтылуда.
«Ешкім қазіргі мемлекеттік аппараттағы наразылық деңгейіне қатысты нақты мәліметке ие емес. Шенеуніктердің қайсысы қандай бағыттағы діни ағымдарға жақтасатыны, қандай идеяларға сенетіні түсініксіз. Бұл қауіпті «қара жәшік». Египеттегі жағдайды еске алайық. Хосни Мүбарак биліктен тайдырылған соң мемлекет басына уақытша болса да «Мұсылман бауырлар» ұйымы келді. Олар бұған бюрократиялық аппаратқа еніп, тіпті, күштік құрылымдар қатарында да өз жақтастарын дайындау нәтижесінде қол жеткізді. Олар «Х» сағатын, оттың тұтануын күтіп отырды. Уақыты келгенде тиісті әрекет жасап, билікке келді», - деген Досым Сәтбаев Қазақстандағы радикалдық ұстанымдағы топтардың да елде тұрақсыздық тудыру қаупін жоққа шығармайды. Ол саяси мақсаттар көздейтін ұйымдардың билік үшін күресте өз қатарларына бұқара халықты, оның ішінде жастарды тартудың негізгі құралы ретінде діни және псевдодіни ұрандарды пайдаланытыны тәжірибе жүзінде әлдеқашан дәлелденгенін айтады.
2013 жылдан бері елімізде терроризм мен экстремизмге қарсы күрес жөнінде арнайы бағдарлама жүзеге асып жатыр. Өткен жылдың қараша айында Қауіпсіздік кеңесінің отырысында терроризммен күрес жөніндегі облыстық штабтардың жұмысы күшейтілгені хабарланды. Қарулы күштердің басшылығымен кездесуінде Елбасы да қазақ армиясын «гибриді соғыс» қимылдарына әзір болуға шақырған еді.
Бір сәтке де тыным таппайтын, елдегі саяси-әлеуметтік ахуалды жіті бақылап отыратын сыртқы күштер шын мәнінде саясаттанушы айтқан «Х» сағатын күтіп отыруы мүмкін. Діннің атын жамылып, қаны қызу жастардан жақтас жинаған олар елдегі кез-келген наразылық толқуларды ұтымды пайдаланып кетуі, тіпті билікке, сол арқылы, мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Яғни, күн санап жаңа қырынан танылып жатқан лаңкестермен күресте де тың тәсілдер қолданылуы, лаңкестікке қарсы іс-қимылдарды осы салада тәжірибесі бар кәсіби маман басқарғаны дұрыс. Осы тұрғыдан келгенде, Владимир Жұмақановтың ҰҚК басшылығына тағайындалуы шынымен де кездейсоқтық емес сияқты. Жаңа төраға қоғамды ала тайдай бүлдірген, оң-солын толық танымаған жастарды сенім сергелдеңіне салған салафизм насихатшыларына қарсы қызу күрес жүргізеді деп сенейік.
Әзірлеген: Жомарт Абдоллаұлы
Пікір қалдыру