Мен қалай бір жылда 9 миллион теңге таптым?

/uploads/thumbnail/20170708212452631_small.jpg

Осындағы біраз ағайынның хабары бар, мен өткен жылдың тамыз айында жыл соңына дейін он екі миллион теңге табыс табамын деп жұртқа жария еткен болатынмын. Сол сөзіме сәл кешігіп жауап беріп жатырмын. Өйткені соңғы екі айда Қытайда болып, елге енді ғана жетіп отырмын. Көздеген межеге жуықтадық, тура жеткізе алған жоқпын. 2015 жылдың соңындағы таза табыс 9 100000 (Тоңыз миллион бір жүз мың теңге) болды. Негізінде асырып орындауға мүмкіндік бар еді, шамамыз келгенше әрекет жасадық. Жетпеуіміз, маркетинг пен менеджменттен емес,теңгеміздің күн сайын құнсызданып, сыртпен жұмыс жасап отырған бізге айтарлықтай әсер еткендіктен. 
Табысымды қай жаққа жұмсайтынымды да жазғам. Сол айтқандай бір бөлігіне Алматы іргесіндегі Әлмерек ауылынан үй салдым, бір бөлігін кәсіптің айналымына жұмсадым. Қазір «Автомода» республиканың автожабу нарығында бірден-бір танымал компанияға айналды. Желтоқсан айынан бастап Қытайдағы қандастарға да сатылымға шықты. Үрімжі қаласынан «Нұр-болашақ» атты компания тіркетіп, жеке кеңсемізді аштық. Ол жақтағы қандаста да ықыласпен қабылдап, жақсы табыс әкеліп отыр. Енді Қазақстанға тігін өндірісін алып келуге жұмыс жасап жатырмыз. Алла қаласа биылғы жыл «Автомода» отандық өндірістің қатарына қосылады. 
Сөзімнің құны қазақтың бір азаматының кәсіп бастауына қаражат беру болатын. Енді уәдемде тұрып Астанада тұратын, бел омыртқасынан мертіккен мүгедек бауырымыз Мұрат Сарманов бауырымызға қаржылай көмектесемін, әрі білгенімді үйретіп, тәжірибеммен бөлісемін. 
Қазір тек автожабу емес, кәсіптің басқа түрлерін де қолға алып бастадық. Уақыты келгенде біле жатарсыздар. 
«Автомоданың» қысқа уақыттың ішінде екі мемлекетте жұмыс жасайтын табысты компанияға айналуына Бизнес бастау кәсіпкерлік мектебі мен оның жетекшісі Ахметбек Нұрсила ағамыздың еңбегі айрықша. ББ командасының әрбір мұшесі үлесін қосты. Ахметбек аға өзі үнемі білгенін үйретіп жетелеп отырды. Сонымен қатар, біздің 11 қаладағы серіктестеріміздің еңбегі, бізге сенім артты, қаражатсыз кәсіп бастауға мүмкіндік беріп ақшасын салды, ешқайсысы зиянға ұшыраған жоқ. Қазір жасыратыны жоқ кейбір облыстар жоғары табыспен жұмыс жасауда, кей облыстарда төмен болып отыр. Біз алдағы уақытты барлық серіктестеріміздің жоғары табыс табуына мүмкіндік туғызамыз. Ауыр экономикалық жағдай кезінде де сенім артып, бізбен бірге болған азаматтардың еңбегін ұмытпаймыз. 
Сөз соңында айтайын дегенім, бастысы мол ақша табу емес, уақытыңыды тиімді пайдаланып жинайтын білім мен тәжірибе. Биылғы жылда межеміз үлкен, оны да алдағы уақытта жариялай жатармыз. Өткен жылға қарағанда мүмкіндіктер көбейіп, аз да болса тәжірибе жинадық. Жалпы мен Бизнес бастау ұлт экономикасының тынысын ашатын жаңа буынды тәрбиелеп жатыр деп есептеймін.

Құмар Жұмаханның "Фейсбуктегі" парақшасынан алынды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар