Қазақтың аяулы ұлы, арда азамат Асқар Жәкулиннің мәйіті Бейжіңнен Алматыға әкелінді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Қазақ халқының бір туар ұлы, қазақ мәдениетінің, өнері мен спортының жанашыры, белгілі кәсіпкер Асқар Әнуарұлы Жәкулин ұзаққа созылған науқастан 2016 жылы 2 ақпан күні Қытай астанасы Бейжіңде мәңгілік сапарға аттанды. Марқұмның мәйіті бүгін таңертең Алматыға жеткізілді.
Атақты Жәкула болыстың немересі, асылдың сынығы Асқар Жәкулин Қытайда туып, Германияда жоғары білім алған. Қытайдағы тұңғыш қазақ тіліндегі «Ауыл» сайтының негізін қалап, атамекені Қазақстанда «Ас-ай» компаниясын құрған болатын.
Марқұмның жаназасы ертең Алматыдағы үйінде шығарылып, түсте Құрманғазы мен Фурманов көшелерінің қиылысында орналасқан «Қабылдау үйінде» асы беріледі.