Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімінде 2015 жылғы желтоқсан айында әскер қатарына шақырылған жас сарбаздарын Алматы қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік қызметке шығаруға байланысты салтанатты іс-шара өтті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы қолбасшылықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, жас жауынгерлер тебірене Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын шырқады. Мемлекеттік Туды көтеру құқығы осы әскери бөлімнің үздік сарбазы Бауыржан Қабдырахмановқа берілді.
Жауынгерлік қызметке алғаш түскелі отырған жалынды жас жауынгерлерді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшылығының бірінші орынбасары – штаб бастығы генерал-майор Андрей Каскеленов құттықтап, барша жеке құрамға сәттілік тіледі.
Бұнымен қоса жас жауынгерлерді құттықтауға Алматы қаласы бойынша ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция подполковнигі Жасұлан Байкенов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Геннадий Фалеев және 5571 әскери бөлімі Ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Виктор Маколов арнайы келіп, өздерінің жылы лебіздерін арнады.
Аталмыш шарада жауынгерлік қызметтерін сәтті орындаған әскери қызметшілер «Бауыржан Момышұлы – батыр шапағаты» және «Жауынгерлік айбыны үшін» медальдарымен наградталды, ал жауынгерлік қызметке алғаш кіріскелі отырған сарбаздарға өздерінің командирлерімен дайындалған сыйлықтар табысталды.
Сөйтіп, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен жас сарбаздар жауынгерлік қызмет атқаруға - Алматы көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзетуге аттанды.