Бүгін елдің қорғаныс министрінің бұйрығымен «Оңтүстік» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының арнайы мақсаттағы жасақтары жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтірілді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тексерудің негізгі мақсаты арнайы мақсаттағы жасақтардың қойылған жауынгерлік тапсырмаларды белгіленген уақыт ішінде орындап шығудағы жинақы әрекеттерін бағалау», - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Дабыл белгісі берілген соң әскери қызметшілер жауынгерлік есепке сай әрекетке кіріскен. Әскери-көліктік авиацияның және автомобиль техникасының қатысуымен арнайы жасақ бөліністерін жауынгерлік тапсырма орындайтын аймаққа жеткізу жүргізілді.
«Осындай кезектен тыс шұғыл тексерулер Қарулы күштердің нақты жауынгерлік әзірлігін, сондай-ақ, әскерлердегі шынайы жағдайды бағалауға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.