Сағатбек Медеубекұлы. Баламасөз(жалғасы)

/uploads/thumbnail/20170708150708559_small.jpg

Тірелек...

Автокөлік әңгімеге елтіп кеткендей екпіндей заулап келіп, жүрісін баяулатты да сәл кідіріңкіреп барып, бір көшеге бұрылып, қайта зымырай беріп кібіртіктеді.

- Ойбұй, алдымыз «тупик» екен ғой, құрметті  жолаушым,- деді тізгінші.

-  «Тупик» - қазақтың сөзі емес,-деді жолаушы.

-  Әрине. Қазақ «тупик» демейді... мүмкін, «кептелек» деген сөзге  ұйқастырып «тірелек» дерміз.

- Несі бар. Табылған сөз. Жол жөндеумен айналысып жатқандар  жұмысы біткенше көлік өтіп кетпес үшін жолға қолдан жасалған кедергілер қояды. Көлігіңіз соған келіп тіреледі де кері қайтады немесе басқа жаққа бұрылып кетеді. Сол уақытша «тупикті» «ТІРЕЛЕК» десе тілге томпақтығы жоқ.

-  «Тосқауыл» десек  болмай ма?

- Жоқ болмайды...

- Неге?

- Тосқауыл әлдекімді немесе әлденені тосу мақсатында жанды нәрседен де қойылады. Ал жаңағы сіз айтқан тірелек тек жансыз заттардан ғана орнатылады...

-  Сонда «тупиктің» қазақшасы не болды?

- Жолдың бітіп, тұйықталған, одан әрі жүруге болмайтын жерін қазақ  бұрыннан «ТЫҒЫРЫҚ» дейді!

 

Айналөт

Көшір жігіт бір жолаушыны көлігіне мінгізіп алды да заулай жөнелді.

 -   Қайда барасыз?

Жолаушы:

 - Көшір бала, Қазақ ұлттық университетіне... Тимирязев көшесімен....-деді -   - Ол көшемен тура жүре алмаймыз... Обьезд  арқылы барамыз..

- «Обьезд» деген немене?

- Тимирязев көшесімен бір дөкей өтпекші. Бізге  жүруге болмайды. Сондықтан, басқа көшемен айналып барамыз.

- Е...е... Онда «обьезд» дегеніңіз «Айналөт» болды ғой...

- Мүмкін, «айналыс» деген дұрыс шығар...

- Бұл сөзіңіздің  мағынасында қосымша тағы бір әрекетті беретін ұғым бар. Ол белгілі бір іспен шұғылдану мағынасы. Мысалы, «сен спортпен айналыс» дегендегідей... Бізге керегі - жол жүруге қатысты шартты белгі мен ереженің аталымдық мәні.

- Онда «айналма» десек ше...

 - Болмайды.  Алдыңызға жол тақтасына «айналма» деп жазып қойса, сіз айналмау керек екен деп кері кетіп қалуыңыз мүмкін ғой... Сондықтан «айналыс», «айналма» деген етістіктерден зат есім жасап әуре болғанша, басы ашық «айналөт» (айнал+өт) деген біріккен сөзді қолданған дұрыс!

(Жалғасы бар)

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар