ҚАЗАҚ ЕЛШІЛЕРІ ШЕТ ЕЛДЕРДЕН ҚАЙЫР СҰРАМАҚ

/uploads/thumbnail/20170708214842411_small.jpg

Кеше Астанада елдің Сыртқы істер министрлігінде алқа мәжілісі болып, оған Елбасы қатысқаны бірқатар ақпарат құралдарында жарияланды. Алқа мәжілісінің негізгі тақырыбы Сыртқы істер министрлігі мен еліміздің шет елдердегі мекемелерінің қызметіндегі сыртқы экономикалық бағдарды күшейту мәселесі болды.  

«Онда «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне шет мемлекеттердің кең ауқымда қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар да талқыланды. Сондай-ақ, ел Президенті сыртқы саясат ведомствосының алдына басқа да бірқатар жаңа міндет қойды және нақты тапсырмалар берді» делінген ресми хабарламадардан басқа бұл жиын туралы егжей-тегжейлі ақпарат таралмады.

Қазақстандағы экономикалық ахуал мен билік жүйесінің жұмыс стилінен хабары бар адамға шетелдегі 90-нан астам елшіні елбасының алдына әкелген жиынның себебін түсіну үшін бұдан артық мәліметтің де керегі жоқ. «ЭКСПО-ға» шет мемлекеттердің кең ауқымда қытсуын қамтамасыз ету» дегеннен-ақ біраз дүниені аңғаруға болады.

Нақтырақ айтар болсақ, мемлекет басшысы бұл жиында елшілерге шетелден ақша жинауды тапсырған. «ЭКСПО-ға» шақыру, түрлі инвестициялық жобаларды насихаттау, елде жаппай сатылып жатқан мемлекеттік кәсіпорындарды сатып алуға үгіттеу сынды шаралардың барлығының түпкі мақсаты біреу – шатқаяқтап кеткен экономикаға қажет қаржы табу. Инвестициялар жөніндегі арнайы министрлік, осы салаға тікелей жауапты вице-премьер, халықаралық көрмені ұйымдастыру жөніндегі арнайы ұлттық компания, түрлі саладағы инвестициялық жобаларды басқарып жүрген қаншама холдингтер бола тұра мемлекет енді елшілерге қолқа салуда.

Бұған дейін де жоғары деңгейде қазақстандық дипломаттардың елге қаражат тарту ісінде селқостық көрсетіп келе жатқандығы айтылған болатын. Атап айтсақ, өткен жылдың қараша айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Н. Назарбаев шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерді шетелден инвестиция тарту ісіне жәрдем жасамай келе жатқанын айтып, сынаған еді.

«Елшілер немен айналысатындарын білмейді. Өз істерін білмеген соң, экономика туралы мүлдем хабарсыз. Сондықтан басқаша бағыт болу керек. Министрмен кездесуде, алқа жиынында біз әлі сөйлесеміз», - деген еді сол кезде Елбасы елшілерге қарата.

Сол «сөйлесетін кез» кеше болды. Елбасы елшілерге немен айналысу керектігін айтып, жұмыс тауып берді. Енді олар дипломатиялық мәселелермен қоса, инвестиция тарту бойынша маманға айналып шыға келді.

Сыртқы саясатта елшіліктердің негізгі міндеті – ұлттық мүддені шет мемлекеттерге таныту, мемлекет атынан сөйлеп, шет елдерде өз мемлекетінің мүддесін қорғау. Елшіліктердің жұмысы былайғы халыққа осы уақытқа дейін көрінбей келді. Тіпті, қарапайым халық олардың бар-жоғынан да хабарсыз еді. Сөйтсек, тек халық қана емес, Үкімет басшылығы да елшілердің осы уақытқа дейін немен айналысып келгенінен бейхабар болып шықты. Бұл сорақылыққа Елбасы араласып, екі қолға бір күрек таппай жүрген елшілер қауымына жаңа міндет жүктеді. Енді олардың немен айналысып жүргенін білетін соны мүмкіндік туды. Елшіліктердің жұмысының нақты нәтижесі бұдан былайғы уақытта тартылған инвестициялар көлемімен өлшенетін болады. Әлемнің әр түпкірінде Қазақстанды таныстыратын 94 елші енді барған елдерінде құр жүрмей, мал тауып жүруге міндеттелді.

Экономика тығырыққа тірелгенін жалған ақпаратпен бет бақтырмай отырып алмай, уақытында осылай мойындау да – ерлік. Ортақ істен сыртта жүрген елшілер де тыс қалмауы керек. Қазына қоржынына олар да үлес қосуға «құқылы». Бірақ, димломатиялық корпусқа бірінші басшының колодасынан түсіп қалған карталары баратынын ескерсек, жоқтан бар жасап, экономикалық мәселелерді ұтымды шеше алатын қызметшіні елшілердің арасынан табу қиын болар. Әрі-беріден соң, елшілердің барлығы бірдей халықаралық масштабтағы экономикалық мәселелермен шұғылдануға маманданбағанын да ескеру керек. Арасында агрономы да, педагогы да, инженері де бар елшілік корпус инвестиция тарту туралы президент міндетін қаншалықты атқарып, елбасы сенімін ақтай қояр екен?

Әлемдік тәжірибеде сырты саясат ведомстволарына шетелдік инвестициялар тарту жөнінде міндет арту мәселесі бұрыннан бар. Әрине, бұл елшілерге артылатын негізгі міндет емес, бірақ, мемлекет мүддесі үшін маңызды шаруалардың бірі. Көптеген елдерде мұндай жұмысты сыртқы істер министрлігі инвестиция тарту жөніндегі арнайы Агенттіктермен бірлесіп атқарады. Мұндай агенттіктер әлемнің дамыған кез-келген елінде бар. Елшіліктер сырт елдерде өкілдіктері жоқ осы агенттіктердің дайындаған жобаларын шет елдерге таныстыру, халықаралық байланыс шараларын үйлестіреді. Сонымен қатар, ол агенттіктер дипломаттарға инвестиция тартылатын елдердің ішкі ахуалынан жақсы хабардар болғандықтан сенім артып жатады. Яғни, екі үлкен ведомство сырттан қаражат тарту ісінде бірінің кем-кетігін екіншісі толықтырып жұмыс істейді. Біз Қазақстан экономикасын инвестициялауға шақырып отырған АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Италия, Франция сынды елдердің өздері осы жүйе бойынша инвестициялау саясатын жүргізеді.

Инвестиция тарту жөніндегі Агенттік бізде де бар. Ол Kaznex Invest экспорт және инвестиция жөніндегі Ұлттық агенттік деп аталады. Сыртқы істер министрлігінде де экономикалық байланыстарды дамыту қызметі бар. Бірақ, бұл екі құрылымның да осы уақытқа дейін қандай дәрежеде жұмыс істеп келгенін елбасының өзі айтып берді. Шынымен де бізде, инвестиция тарту, кәсіпорындарға инвесторлар тарту мәселелері президенттің шетелдерге сапары барысында  шешіліп жатады. Әлемдік алпауыт компаниялардың басшыларымен Н. Назарбаевтың өзі барып кездескенін де көріп жүрміз. Қазақстан экономикасына инвестиция құю туралы талай келісім-шарттарға осындай президент сапарлары барысында қол қойылған. Алайда, сол келісім-шарттарға да оңайлықпен қол жеткізілмейді. Президентпен өткен кездесулерде шетелдік компаниялар қызығушылық танытқанмен, нақты іске келгенде біздің меморгандардың жұмыс стилінен шошынып, кейін шегінетін көрінеді. Осындай жүз кездесудің тек онында шетелдіктер Қазақстанға қызығушылық танытса, сол онның біреуі ғана келесім-шартқа қол қоюмен аяқталатын көрінеді. Бұл да қазақстандық билік жүйесінің, оның инвесторлармен жұмыс жүргізу алгоритмінің кемшіліктерін көрсетеді.

Халықаралық тәжірибеде шетелдік инвесторлармен жұмыс істеудің толық циклы қолданылады. Ол цикл қуатты талдау, мүдделі мемлекеттерді зерделеу дайындығы, мақсаттық топтарды іріктеуден басталып, инвестициялық жобаларды жүзеге асырумен ғана емес, сол инвестормен одан арғы уақыттағы қарым-қатынастарды нығайту жұмыстарымен жалғасады. Инвестиция тартуды ойлаған елдер жекелеген басшылардың бет-беделін пайдаланып емес, осылай кешенді жүйемен жұмыс істейді. Ал, біздікіндей бір күні бар елшіні жинап алып, тапсырма қоюмен мәселе шешілмейді. Елшілердің елбасыдан алған бұл тапсырмалары да әдеттегідей ақпарат құралдарында түрлі мақалалар жариялау, пайдасыз кездесулер өткізу, нәтижесі жоқ меморандумдар жасаудан әріге бармайтынын түсіну қиын емес. Сондықтан да, дипломаттарымыздың отандық өнеркәсіпке қаржы тартуға әрекеттенуі сырт көзге инвестициялық саясаттан гөрі, қайыр сұрауға көп ұқсап көрінуі мүмкін.

Дархан Мұқан

 

Қатысты Мақалалар