Қазақстан Bllomberg агенттігі 4 ақпан күні жариялаған «Бақытсыздық индексі -2016» есебі бойынша әлемдегі ең осал экономикалы елдердің ондығын тұйықтап тұр, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Агенттік сарапшылары 63 мемлекеттің экономикалық көрсеткіштері мен халқының тұрмыс-тірлішігін талдаған. Индексті әзірлеуде жұмыссыздық пен инфляция деңгейі негізге алынған. Осы екі көрсеткіш бойынша Венесуэла соңғы екі жылда аталған индексте бірінші орын иеленіп отыр. Елде 2015 жылы инфляция деңгейі 98,3 пайызды, жұмыссыздық 6,8 пайызды құраған. Биылғы жылы бұл көрсеткіштер сәйкесінше 152 және 7,7 пайызды құрайды деп күтілуде.
Екінші орын Аргентинаға, үшінші орын Оңтүстік Африка республикасына тиесілі. Төртінші орынға Греция, бесінші орынға Украина тұрақтаған. Бақытсыздық көрсеткіші бойынша Қазақстанның алдында тағы Испания, Сербия, Түркия, Бразилия бар. Орталық Азияның бізден басқа елдері бұл рейтинге енбеген.

Ал, «Ең бақытты елдер» рейтингіне АҚШ, Малайзия, Румыния, Ұлыбритания, Гонконг, Дания, Қытай, Оңтүстік Корея, Тайвань, Жапония кіріп отыр. Бақытты елдердің тізімінде алғашқы үштікті кедейшілік деңгейі өте төмен Швейцария, Сингапур мен Тайланд бастап тұр.

Бақытсыздық жағынан ондыққа енген елдердегі халық санына тоқталсақ, Венесуэлада 31, 7 миллион, Аргантинада 42 миллион, ОАР -52,9 миллион, Грецияда 11 миллион, Украинада 45,4 миллион, Испанияда 42,8 миллион, Сербияда 7,1 миллион, Түркияда 74,9 миллион, Бразилияда 200,4 миллион халық тұрады. Ал, Қазақстанның халық саны 17 миллионнан сәл асады. Жоғарыда айтылған елдердің басым бөлігі Қазақстан сияқты табиғи байлықтардың мол қорына ие емес. Қазақстан 2014 жылы минералды ресурстар қоры бай бес елдің тізімінде төртінші орынға тұрақтаған болатын. Қазақстанның нақтыланған мұнай қоры 30 миллиард баррельді, газ қоры 1,28 трлн.текше метрді, көмір кенінің барланған қоры 33,600 миллион тоннаны құрайды. Жылына 1,5 миллион баррельден астам мұнай өндіріп, сататын елдің өзін «бақытсыз санайтын» халықтардың қатарынан көрінуі ұят жағдай, әрине.