ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ҚАБІРІ ТАБЫЛДЫ

/uploads/thumbnail/20170708214957521_small.jpg

Тәуелсіз журналист Робин Акройд сенсациялық мәлімдеме жасады. Ол әлемнің жартысын өзіне бас игізген моңғол қолбасшысы Шыңғыс ханның нақты жерленген жерін тапқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы 24.kz-ке сілтеме жасап.

Акройд бұл туралы өзінің Genghis: Sacred Tomb, Secret Treasure (Шыңғыс: қасиетті қабір, құпия қазына – ауд. 24kz) кітабында жазды. Бұл кітапта келтірілген мәліметтерге сәйкес, Ұлы қолбасшының құпия жерленген жері – Моңғолияның солтүстік бөлігіндегі таудың шыңы. Бұл жерге оның немересі Қытайдағы Юань династиясының билеушісі болған Құбылай да жерленген болып шықты. Адамзат үшін аса маңызды ғылыми жаңалық жолында Акройдтың өзі 700 шақырым жерді атпен жүріп өтіп, құпия жерленген қабір аймағына сапар шегіп, нағыз көшпендіге айнала жаздаған.

Оның айтуынша, 1227 жылғы тамызда Қытайдың солтүстік бөлігінде көз жұмса да, хан Шыңғыстың мәйіті Моңғолияға әкелініп жерленген. «Бұрынғы кездері көз жұмған моңғол хандарын халқы көзі тірісіндегі барлық керек-жарағымен қосып, қастерлеп-қадірлеп жерлеген болса керек. Оның арасына, тіпті құнды заттарды салған болуы мүмкін», - дейді журналист.

Шыңғыс ханның қабірін Ұраңқай тайпасының сарбаздары күзетуге міндеттелген. Олар осы қызметі үшін барлық салықтар мен өзге әскери қызметтен толық босатылған.

Осы арадан келіп, «Ұлы қолбасшының жерленген жерін көрген сарбаздардың басы шабылды» деген тарихи деректің жалған екендігі анықталды. Ежелгі моңғол тілінде жазылған мәтіндерді аударып шыққан Акройд, Шыңғыс ханның жерленген жері туралы тарихшылар осыған дейін айтқан деректердің шындыққа сай келмейтіндігін алға тартты.

Оның бұл тұжырымын Моңғолия үкіметі қабылдап, қош көргенін айта кеткен жөн. Акройд тағы: «Моңғолдар үшін көк аспан өте маңызды болған. Шексіз көк тәңірге құлшылық еткен бұл халықтың тауға шығып, оған неғұрлым жақын болғысы келгендігі де содан. Сол себепті де моңғолдар хандарын аспанға жақын жатсын деп, таудың ең биік жеріне жерлеген. Хандар жерленген тау шыңдары қасиетті саналып, ол жер оқшауланған. Шыңғыс хан Қытайдың Ордос аймағында жерленбеген. Оның қазір сол жерде тұрған кесенесі тек тарихи ескерткіш болып табылады» деп отыр.

 

Қатысты Мақалалар