Қызылорда облысында киіктің жаппай қырылу оқиғасы тіркелді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы «Казахстанская правда» газетіне сілтеме жасап.
Бұл жолы киелі жануардың қырылуы ластанған табиғаттың, улы ауа мен шөптің де кінәсінен емес, адамдардың жауыздығынан болып отыр. Облыстық ішкі істер департаменті табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері заңсыз киік аулады деген күдікпен үш азаматты тұтқындаған.
«Тойота Ланд крузер» көлігін мінген аңшыларды полицейлер мен «Охотзоопром» РМК қызметкерлері Жалағаш ауданы Қаракеткен ауылының «Бөгедек» учаскесінде қолға түсірген.
«Тексеру кезінде көлік салонынан 12-калибрлі екі аңшы мылтығы, 172 патрон тәркіленген. Сондай-ақ, полицейлер тоғай арасына жасырылған 18 киіктің етін тапқан», - деп жазады басылым.
Аталған оқиғаға орай ҚК-нің 337-бабы 4-бөлімі бойынша (Ерекше күзетілетін табиғи аумақта сирек кездесетін және жойылып кету алдында тұрған жануарлар түрін заңсыз аулау) қылмыстық іс қозғалған.


Естеріңізге салсақ, мемлекеттік қорғауға алынған жануарлардың бұл түрінің саны өткен жылғы киіктердің жаппай қырылуы оқиғасынан кейін екі есеге дейін кеміп кеткен.