Алматыдағы Алатау ауданына қарасты 151 мектептің оқушылары қазақ тілі мұғалімінің жазалау әдістеріне әбден үйренген. Жас маман сыныпты ішінен кілттеп, үй тапсырмасын орындамаған оқушыларға түрлі жаза қолданады екен. Өткен аптада 7 «Г» сыныбының оқушылары мұғалімнің кезекті әрекетін телефонға түсіріп алған, - деп хабарлайды «stan.kz».
Оқушылар жағдайды телефонға түсіріп, ата-аналарына көрсетпекші болған. Себебі, олар түрлі жайларға байланысты кез келгеніміз осылай жазалануымыз мүмкін деп қорқады. Ата-аналардың бастамасымен мектеп директоры Асхат Ошақбаевтың алдында жиналыс та ұйымдастырмақшы болған.
Бұл видеода 7 сыныптың оқушысы үй тапсырмасын орындамағаны үшін жазаланып жатыр. Оның бұлай тұрғанын сыныптастары видеоға түсіріп алған. Орындық көтеріп тұрған оқушы аты-жөнін айтып мұғалімнің үстінен шағымданғысы келмейді. Себебі, жұрттың көзіне жаман қылығымен көрінуді намыс көреді.
Ал сайтымызға мағлұматты берген кісі өзінің есімін атамауды өтінді.
«Өркениетті заманда балаларды білімге баулудың өзге жолын ұстанбасақ, осы мұғалімге 151 мектепте шектеу қоятын кісі болмай тұр», - дейді есімін атамауды өтінген қала тұрғыны.
Есте болса, бір жыл бұрын тура осы мектептің мұғалімдері бірін-бірі балағаттап іс әкімшілік сотқа дейін жеткен еді. Соңында әріптесінің намысына тиген ұстазға айыппұл салынған.
Пікір қалдыру