Сағыныш сарқырамасы

/uploads/thumbnail/20170708215449322_small.jpg

Тибет қызы

Сағыныш сарқырамасы –
Иықтан шашың құлаған.
Көзіңнің түндей қарасы, 
Жанымнан жұлдыз сұраған.

 

Жүректің жігі ашыла,
Жылап ем қимай ышқынып.
Жалмауыз кемпір шашына,
Гүлім ең кеткен қыстырып.

 

Қымтаған мәңгі көрпе – қыс,
тауыңа кеттің шаршаған.
Мен болсам едім ерке құс,
Еркіндік елін аңсаған.

 

Құштың ба менен аумаған,
Гималайдағы асқарды?
Махббат от боп лаулаған,
Жатты ма сүйіп аспанды?

************

Алматыда сәуір қандай боз,мамық,
Шыққым келді сені ұзақ жолға алып.
Жанарыңа түн жабысып,
Сол түнмен 
мен де бірге жүргендеймін қозғалып.

 

Алматыда сәурір солай,
Жабығыс.
Ұшып келе салып өлді кәрі құс...
Туған жердің топырағаның нілі бар 
Сорады әр тал кірпігіңді сағыныш!

 

Оқырмансыз ғазалындай Қалаудың,
Алматыда сәуір солай нарау.
Мұң ...
От деміңе жаздым ауызын күйдіріп 
Жүректегі қан тоқтамас жарамның...

 

Бүлік-бүлік етіп жылап жатты қара шың,
Көргендейін ғасырдан соң баласын.
Төбемізде қалықтайды Құсжолы,
Көкте үзіліп қалған аппақ қанатың...

 

Ақша бұлтқа айналған ақ шарпы

 

Қызға айналып қиялымның құсынан, 
Өтіп бара жаттың жүрек тұсымнан .
Саусағыма іліндіре алмады, 
Самал тартып ақ шарпыңның ұшынан .

 

Өттің қара жігітіңді қасыңа ап, 
Түсінемін, 
Жұр ғой сені асырап ...
Көз жасыңды зорға тосып көрсетті, 
Шалажансар жатқан жерде жапырақ.

 

Осы көше біз соңғы рет жолыққан,
Қоңыр күзде жатқан қала болып қан .
Оңға қарай бұрылғансың көшемен, 
Опырылып кеткеніндей омыртқам!

 

Күз өртеніп тамған сол бір тамшыдан, 
Көңілімнен көше елесін аршыған.
Ұшып шықты қиялымның құстары, 
Ақша бұлтқа айналған ақ шарпыдан ...

 

Хабар бар ма Еркеден ?...

 

Түніменен түс боп миды өртеген,
Айтыңдаршы ,хабар бар ма Еркеден ?
Хат сандық деп көкте күнді сілкимін,
Орынымнан атып тұрып ертемен !..

 

Жердің шарын кетседағы жат көріп,
Мені іздеп келері хақ баққа еніп.
Тырмалаймын ақ қайыңның түптерін ,
Бұрынғыдай кетті ме деп хат көміп!

 

Бала – бұлақ етбеттейді былдырлап,
Құшағына кең даланы сидырмақ.
"Үйленді!" – деп шулайды жұрт,
Қойшы ары,
Бала күндей ойнаған-ау "үй жинап"...

 

Достар , байқап ойлаңдаршы ойды да,
Алмайды ешкім еркелігін қойдыра.
"Ауыр аяқ..." – деседі жұрт ,
Шатқалдан 
қарақатты толтырған-ау қойнына !

 

Қасиетін қорғап қонар тектіге,
Адамдардан, әлде, азап шекті ме?
Періште боп көкке ұшып Тәңірден 
Маған өлең сұрағалы кетті ме ?..

*******

Аға,маған түсіндірші достықты, 
Жапырағым боз боранға босқа ұшты . 
Жер бетіне шығып жатқан жотасы, 
Жол дегенім өлі айдаһар боп шықты...

 

Ақ парағым еріп кетер қар екен , 
Із қалдырып өзімді -өзім мәз етем . 
Қып-қызыл гүл  өсімдіктің мұрынына 
Қатып қалған мезгілдердің қаны екен ...

 

Қарыздармын деймін мынау жарыққа, 
Жатыр төлер қара алтыным табытта. 
Мен бетімді салып тұрмын күлдіріп 
Ауадағы қалып қалған қалыпқа...

 

Мен білмеймін бақыттың не екенін, 
Бұлтпын бағыт еткен желдің жетегін. 
Адам біткен сүйісіп жүр амалсыз, 
Бірін-бірі жамағансоң екі ерін...

 

Бағамдарым ғаламнан бұл байқаған, 
бейшарадай сен де басты шәйқаман. 
Мен сенетін өлім де онда алдамшы, 
Өмірге адам келер болса қайтадан...

 

Айырылысу азабы

 

Қанжығама жыр – сусын байлап жүріп, 
Тапқанда сені адасып айлап жүріп,
Сұм өмір тек қана өлі денеңді алып , 
Тастапты құлтемірге айналдырып !

 

Сұп-суық боп кетіпті жылы жүзің, 
Ұмытам мен де, 
Емеспін құлы қыздың! 
Көзімнен жас ақпады, 
Жыламадым, 
Түтіні ғой ашытқан шылымымның...


Неліктен соншалықты қысыламын, 
Ұрғандай әлде жүрек тұсынан кім? 
Саусақта әлі сен берген жүзігі бар, 
Қолымды енді несін ұсынамын?!.

 

Қонып бір улы шөпке , 
Не дер едім , 
Уланып қалғансың ба ,көбелегім ?! 
Көзіңнен жалғыз тамшы жас тамса ,егер, 
Соны іздеп қара жерге енер едім !!

 

Түскен бір жер бетіне сызат деп мен, 
Жолыңа көп қарадым ұзап кеткен. 
Құдай -ау, 
Қайсы бір қол үзіп кетті, 
Жалғыз тал гүлді мынау тозақта өскен?!

 

Кеудемді өртеп жатыр өкініш-мұң, 
Ернімді малып күннің отын іштім. 
Құрғыр -ай, 
Сірә кімдер қырқып кетті, 
Қауырсынын дүние – тотықұстың?!

 

Күндер өтер , 
Ай өтер , 
Жыл айналып , 
Болғанын біле алмаспын бұлай нағып . 
Жындыдай , 
Жүрегімде елесің қап , 
Шөл далада мен жүрмін шыр айналып !!!.

Қалау СӘЛЕМЕТБАЙҰЛЫ

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар