МӘСІМОВТЕН БАСҚА "МЕНЕДЖЕР" ЖОҚ ПА?

/uploads/thumbnail/20170708215450744_small.jpg

Бұл дағдарыс Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бірінші дағдарыс емес. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтарды қосуға болатын болса, 2007 жылғы АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстың жалғасына ұласқан тоқыраудан кейінгі үшінші қаржылық дағдарыс. Қандай дағдарыс болмасын ол ең алдымен билік органдарына, атап айтқанда Үкіметке, ондағы министрлер мен басқа да жауапты лауазым иелерінің біліктілігіне сын. Солай болып келген, болып қала да бермек.

Экономика, қаржы саласын сөз еткенде Қазақстан қоғамында Мәсімовті айналып өтпеу, оны әлемдік экономикалық жүйені бес саусағындай білетін, білікті экономист деп көрсету әдетке айналып барады. Өзі қазақстандық ақпарат құралдарында көп төбе көрсете қоймайтын, тек ресейлік телеарналарға ғана сұхбат беретін Мәсімовтің көзге көрінетін жұмысын да байқаған жан жоқ, алайда. Осы ретте екі мәрте Үкіметбасы болған Кәрім мырзаны қоя тұрып, осы уақытқа дейін биліктің түрлі баспалдақтарынан өткен, «дап-дайын премьер-министр» деген атқа лайық басқа да азаматтарға бір шолу жасап өткенді жөн көрдік.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.

Биыл күзде 53 жасқа толатын жамбылдық жігіт экономика ғылымдарының кандидаты, еңбек жолын жоғары оқу орындарында ұстаздықтан бастаған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, атап айтқанда 1992-1998 жылдар аралығында кәсіпкерлікпен де айналысқан. Мемлекеттік қызметті 1998 жылы бірден облыс әкімінің (Жамбыл облысы) орынбасарлығынан бастаған. Табиғи монополиялар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша бірнеше ғылыми еңбектердің авторы мемлекеттік қызметте де осы бағытта жұмыс істеп келеді. 1999-2002 жылдары ҚР шағын бизнесті қолдау Агенттігі төрағасының орынбасары, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ басқарма төрағасы, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігі төрағасының орынбасары сынды лауазымдар Бақытжан Әбдірұлының шенеунік ретіндегі шыңдалған баспалдақтары десе болады. 2002-2007 жылдар аралығында бірқатар құрылымдық өзгеріске ұшыраған аталған агенттіктің басшылығында қызметін жалғастырды. Премьер-министр кеңсесінің жетекшісі, Павлодар облысының әкімі, экономикалық даму және сауда министрі сынды лауазымдардан өткен Бақытжан Сағынтаев 2012 жылдың қыркүйегі мен 2013 жылдың қаңтары аралығында елдегі бас партия «Нұр Отан» жетекшісінің (президенттің) бірінші орынбасары да болды. Бұл уақытта елде партиялық ұйымдастырушы ретінде сыналатын айтулы саяси додалар болмағанымен Сағынтаев партия жұмысын да шашау шығармай алып жүрді. Елмен тығыз байланыс жасауға мүмкіндік алды, партия жанынан қоғамдық қабылдау жұмысын жандандырды. 2013 жылы тұңғыш құрылған өңірлік даму министрлігінің тізгінін ұстағанда жемісті еңбек етті десе де болады. Тағдыры алып компаниялар башыларының қас-қабағына тәуелді шағын қалалардың мәселелерін шешуде бұл жігіттің еңбегі зор деп жүр білетіндер. 2013 жылдың қаңтарынан бері Үкімет басшысының бірінші орынбасары лауазымынан табан аудармай келе жатуы да біраз дүниені аңғартса керек. Әйтпесе, соңғы үш жылда 2 премьер, бірнеше вице-премьер ауысқанын білеміз.  

Салыстырмалы түрде Үкімет басындағы жас шенеуніктердің бірі саналатын Әсет Исекешев те біршама сүйкімі бар шенеунік. Былайғы жұрт жас санағанымен, биыл 45 жасқа толады екен. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академияс тәмамдаған Әсет Өрентайұлы еңбек жолын прокуратура саласында бастағанымен, кейінгі қызметінің барлығы экономика, инвестиция және жаңа технологиялар салаларымен тікелей байланысты болды. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде бас маман, әділет министрлігінің департамент директоры, «Ұлттық заң қызметі» ЖАҚ президенті, «Сұңқар» АӨК, «Ұлттық консалтингтік топ» ЖШС, «Ордабасы» копорациясы сынды ұлттық компаниялардағы жетекші қызметтер Исекешевті 2002 жылы сол кездегі экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтің кеңесшісі лауазымына алып келді. Артынша, индустрия және сауда вице-министрі болып тағайындалды. Бүгінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының құрамындағы, кезіндегі «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, президент кеңесшісі лауазымдарын атқарған Әсет Өрентайұлы 2009 жылы индустрия және сауда министрі болып тағайындалды. Бір жыл өткен соң, 2010 жылдың 12 наурызында қазақстан билігіндегі ең биік нүктесіне, яғни, сол кездегі Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар министрі лауазымына жетті. Содан бері бірнеше рет құрылымдық өзгеріске түскен индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің тізгінін ұстады, премьер-министрдің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар министрі болды. Бүгінде индустриалды-инновациялық даму, шетелдік инвестияциялар тарту, тауарлар сатып алуда отандық өнімдердің үлесін арттыру, өнеркәіп, туризм, ақпараттық технологиялар, энергетика сынды бірнеше саланың басын қосқан инвестиция және даму жөніндегі министр лауазымында.

Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев та Үкімет құрамында ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан шенеунік. Досаев денсаулық сақтау министрлігін басқарған жылдар (2004-2006 ж.ж.) осы сала үшін біршама жемісті болды дейді білетіндер. Медицина қызметкерлерінің, әсіресе, орта буынды мамандар – мейірбикелер мен фельдшерлердің жалақысын есептеу жүйесі жөнге келтіріліп, ақ халаттылардың абыройы артып қалған көрінеді.

Үкімет басында болған бірқатар шенеуніктер секілді Досаев та Алматыдағы «физмат» мектебінің түлегі. Алматы энергетика институтын, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін тәмамдаған. Отандық банк жүйесінде біршама жыл қызмет етіп, 1998 жылы Үкіметке келді. Премьердің кеңесшісі, энергетика, индустрия және сауда, қаржы министрліктерінде вице-министр болды, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігін басқарды. 2012 жылдан бері сан мәрте атауы мен құрылымы өзгерген экономика министрлігінің тізгінін ұстап келеді.

Тағы бір физмат мектебінің түлегі Қайрат Келімбетов те ел үкіметінде елеулі қызметтер атқарды. Елбасы экономика мен қаржы саласының түрлі тізгінін ұстатып, бұл жігітті отқа да салды, суға да салды. Дәрежесі премьерлікке тең келетін Президент Әкімшілігін де басқарды. «Қазына» холдингін басқарып тұрған кезінде бірқатар басылымның Келімбетовті «Дап-дайын преьмер-министр» деп жариялағанын да көрдік. Алайда, соңғы лауазымы – Ұлттық банк төрағалығынан Нематұлы абыройсыз кетті. Кәсіби қаржыгерлер де қарапайым халық та теңгенің еркін айналымға жіберілуін, соның салдарынан орын алған қиындықтың бәрін Келімбетовтен көрді...

Осы Келімбетовпен үзеңгілес жүрген жігіттердің бірі Сауат Мыңбаев болатын. Екеуі 2001 жылы атақты «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына өтіп, бір жылдай оппозицияның ауылын шарлағаны бар. Сауат сауатты шенеунік болмаса оппозициядан қайтып барып, 2003-2006 жылдар аралығында екі жарым жылға жуық премьер-министрдің орынбасары бола ма? Алайда, 2013 жылы мұнай-газ министрлігінен «Қазмұнайгаздың» басшылығына кетіп, Үкімет үйіне оралмады.

Қазақстандықтар құрмет тұтатын тағы бір экономист Ораз Жандосов еді. бірақ, оның ендігі уақытта биліктің айналасына маңайлай алмайтынын түсіндіріп жату артық болар.

Көпшілік мемлекет басшылығы туралы сөз қозғағанда алдымен айтатыны – Иманғали Тасмағамбетов екені сөзсіз. Премьер де болды, президент әкімшілігін де басқарды. Руханият саласындағы қызметі тіпті ұшан-теңіз. Алайда, бұқара арасында мемлекеттің стратегиялық маңызды құрылымы қорғаныс министрлігінің тізгіні сеніп тапсырылған саңлақ саясаткерге премьер-министрдің креслосын қомсынатындар да жоқ емес... 

Облыс әкімдерінің арасынан да премьерлікке лайық-ау дейтін тұлғаларды ұсынуға болар еді. Б. Сапарбаев, Д. Ахметов, Қ. Көшербаев, С. Кулагин сынды салмақты саясаткерлер облыстарға орталық атқарушы биліктен барғандар. Алайда, Елбасы жиі еске салып жүрген «зейнет жасын» ескерсек бұл кісілердің болашағын депутаттықтан әрі елестете алмайсыз. Жасынан бөлек, бүгінгі Үкімет басшысына қойылатын талап та басқаша. Шаруашылыққа мығым әкім Үкімет басшылығында да жемісті еңбек етеді деу ендігі уақытта қате пікір болмақ. Жылу мен судың, тоқ пен газдың жағдайын білу премьер үшін жеткіліксіз. Өйткені, министрлер кабинетінің тізгінін жаңа типтегі шенеуніктің ұстауы мына жаһандық дағдарыс жағдайында өте-мөте қажет-ақ. Ал, қоғам үшін де, саяси элита үшін де ең маңыздысы бүгінгі билікте "Мәсімовтен басқа білікті менеджер жоқ" деген қате түсініктен арылу.  

Жомарт Абдоллаұлы

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар