Мемлекет басшысы бірқатар ведомствоның жұмысын, жалпы стратегиялық міндеттердің орындалу барысын сынға алғанын білесіздер. Негізгі тақырып – жасанды интеллект нарығын қалыптастыру, заңнамалық базасын жүйелеу және оны тиімді пайдалану төңірегінде болды. Президент аталған жұмыстардың орындау қарқыны баяу екенін айтты.
Кеше ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау жөнінде жиналыс ашып, бірқатар Үкімет мүшелерін жинады.
Жиын барысында экономика секторларына, мемлекеттік басқаруға, денсаулық сақтау жүйесіне ЖИ енгізу, ЖИ және цифрлық трансформация стратегиясын әзірлеу, өтініштермен жұмыс және мемлекеттік қызметтерді ұсыну жұмысын күшейту, ІТ-архитектураны және QazTech ұлттық платформасын модернизациялау, отандық ІТ стартап жобаларын қолдау және киберқауіпсіздікті нығайту мәселелері талқыға түсті.
Үкіметбасы өткізген жиналыс қорытындысында Цифрлық штаб құрылды. Премьер-министр төрағалық ететін штаб құрамына Үкіметтің Аппарат басшысы, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, Цифрлық даму, инновациялық және аэроғарыштық өнеркәсіп министрі, Президенттің цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесшісі кірді.
Сондай-ақ, қазіргі таңда жасанды интеллект пайдалану және оған байланысты өзге де мәселелерді қамтитын заң жобасы қарастырылып жатқанын еске саламыз. ЖИ нарығын жүйелеу – болашақ инновацияда бәсекеге қабілетті болудың негіз.