Бүгін - қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні

/uploads/thumbnail/20170708215501822_small.jpg

Бүгін - қазақ поэзиясының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Жиырмасыншы ғасырдың озық ақындарының бірі болған Мұқағали туған халқына өшпес мұра, сарқылмас қазына қалдырды.

«Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!» деп жырлаған ақын 1931 жылы Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Шалкөде ауылында туған.

Мұқағалидың ауылдан басталған еңбек жолы, Алматыда жалғасады.  Бастапқыда жетіжылдық мектептің мұғалімі болады. Содан Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде істейді. Әр жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде (1962-1963), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») 1963-1965, «Жұлдыз» (1965-1972) жұрналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973) қызмет атқарды.

Ақынның «Ильич», «Армысыңдар достар», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Өмірдастан» атты жыр жинақтары көзінің тірісінде жарияланған. Дүниеден озған соң да, ақынның «Соғады жүрек» және басқа көптеген кітаптары жарық көрді.

Ақын Фариза Оңғарсынованың айтуынша, «Қарлығашым, келдің бе?» жыр жинағы шыққаннан бастап Мұқағали халықтың жүрегінен орын алды. «Мен Мұқағалиды төл әдебиетіміздегі Абай, Махамбет сияқты ұлы тұлғалардың қатарынан көремін. Оның асқақ поэзиясынан ұлтымыздың барлық болмыс-бітімін, арман-мұратын айқын байқаймыз», - дейді ақын Фариза.

Мұқағали 1976 жылы қайтыс болды, Алматы қаласындағы Кеңсай зиратына жерленген.

Қара өлеңді қадір тұтатын халқы барда, ақынның адуынды да сыршыл поэзиясы мәңгі жасай беретіні анық.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар