ЭЛЕКТР ҚУАТЫН ҚАЛАЙ ҮНЕМДЕУ КЕРЕК? (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170708215503197_small.jpg

Қазіргі уақытта электр қуатын үнемдеу жаһандық мәселеге айналды. Электр қуатын көп тұтыну оны өндіруге жұмсалатын шикізат көздерін көп пайдалануға ғана емес, жаһандық экологияға да көп залал келтіруде. Сондықтан адамзат болашағы үшін алаңдайтын әрбір азамат электр қуатын күнделікті тұрмыста үнемдей алудың алғышарттарын білуі қажет, - деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгінде электр үнемдейтін шамдар көп кездеседі. Қазақстанда қуат көзін үнемдейтін шамдардың пайдалануын арттыру үшін  қызумен жарық шығаратын шамдарды пайдалану және өзге елдерден импорттауға тыйым салынған. Алайда осы шамдар қолданыстан әлі ығыстырылып шығарған жоқ. Ал электр тогын аз тұтынатын шамдарға келсек, олар қызу лампасынан 5-6 есе аз энергия жұмсайды. Тағы бір пайдалысы ол шамдардың ғұмыры кәдімгі лампадан қарағанда 8 есе ұзақ.

Бір шамның бағасы қазір сату орындарында 400-800 теңге аралығында. Бұл қымбат дегенмен пайдаланушылар оған жақсы баға беруде. Алайда кейбір тұтынушылар «шам тез күйіп кетеді» деп шағымдануда. Себебі, көп сауда орталықтары осындай шамның қытайда жасалған сапасыз түрін сатуда. Сондықтан шамды тек мамандандырылған дүкендерден сатып алған абзал.

Біз хабарласқан мамандандырылған техника дүкендері «бір лампа кемінде 8 мың сағат жұмыс істеуі тиіс» дейді. Осындай бір лампа айына 200 теңге ток қуатын үнемдейді. Үш айда шам өзінің сатып алынған құнын толық ақтайды. Мамандар лампаның кейбір кемшіліктері барлығын жасырмайды. Шамды күніне 2, 5  сағаттан артық қосуға болмайды. Егер сіз тұратын ауданда немесе тұрғын үйде ток тұрақты болмай, кернеу ауытқып тұрса шамның ғұмыры ұзаққа бармайды. Ол тек тұрақты кернеуге арналған. Тағы да бір ескере кетер жайт, егер сіздің қосқышыңыз жарықты күшейтіп, азайтатын реттегіші болса да шамға зиянды.

Токты үнемдегенде ұялы телефон, ноутбук секілді құрылғылардың зарядтағышын токтан үнемі ажыратып отырыңыз. Розеткаға қосылып тұрған құрылғы энергия тұтынады. Басқа жаққа бірер күнге кетер болсаңыз шамды өшіріп қана қоймай, розеткадан телевизор, музыкалық орталық, DVD-ойнатқыштарды да ағытып кетіңіз. Олар токқа қосылып тұрса аз да болсын энергия шығындап отырады.

Тағы да бір кеңес, шаңсорғыштың қоқыс қапшығын және фильтрін дер кезінде ауыстыру қажет. Өйткені, бітеліп қалған немесе шаңға бөккен қоқыс қапшықтан шаңсорғыштың жұмысы ауырлап, қалыпты нормадан көп қуат жұмсайды. 

Автоматты кір жуғышқа мөлшерден артық кір салып жууға болмайды. Бұл жағдайда оның моторына күш түсіп, ол 10-15 пайыз мөлшерден артық қуат жұмсайды. Және киімдердің түрлілігіне байланысты жуудың бағдарламалары белгіленген. Егер қате бағдарлама таңдаған жағдайда энергия шығыны 30 пайызға артады.

Тоңазытқыш ас әзірлейтін плиткаға жақын тұрмағаны абзал. Егер тоңазытқыш тұрған жылы бөлмеде тұрса немесе оның маңайындағы жылу 30 градусқа жетсе, тоңазытқыш ішен қойылған тағамды салқындатуға көбірек қуат жұмсап, токты екі есе артық тұтынады.

Дер кезінде мұздатқыш камерадағы қатып қалған мұзды жібітіп, тазалап отырғанның пайдасы бар. Себебі, қалың мұз қабаты азық-түлікті салқындатуға кедергі жасайды. Әрі тоңазытқыштың электр қуатын көп тұтынуына әкеліп соғады.

Егер токты есептеп жұмсау қажеттіліг туса, төменде тұрмыста көп қолданылатын құрал-жабдықтардың негізгі қуат жұмсау шығынын есте сақтау керек. Айталық, электр шәйнек 5 минутта - 0,18 кВтс, қысқа толқынды пеш  5 минутта - 0,125 кВтс, тоңазытқыш тәулігіне - 2,4 кВтс, үтік 15 минутта - 0,55 кВтс, компьютер 1 сағатта -  0,35 кВтс, телевизор сағатын - 0,07 кВтс, автоматты кір жуғыш машина 1,5 сағатта - 3 кВтс ток жұмсайды.

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар