Қарағандыдағы Еркіндік ауылы тұтасымен қоршауға алынып, карантин жарияланды. Өйткені, екі адамның сібір жарасынан қайтыс болғаны расталып отыр, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Сиыр етіне жасалған алғашқы сараптама қорытындысы осындай болды. Бірақ үміттерін үзбеген облыс басшылары әлі де Астанадан келген мамандардың жауабын күтеміз дейді. Қазір ауылға сырттан адам кіргізілмей, және іштен шығарылмай жатыр.
Қайтыс болған 33 жастағы Айгүл Ахметова сол күні сібір жарасын жұқтырған сиыр етін тураған дейді жақындары. Туыстарының байқаусызда қолын пышақпен кесіп алған әйелге қауіпті індет сол кезде жұғып кетуі мүмкін деген күдіктері басым. Көз жұмған жақындарын табытпен жерлейтіндеріне де көнген жақындары мәйіттердің әлі жеткізілмегеніне ашынады.
ҒАБИДЕН АХМЕТОВ, марқұм Айгүл Ахметованың әкесі:
-Ол баланың денесі болмайды, прах қана болады. Но все таки соның өзін бермей жатыр ғой. Қандай шаруа ол?!
Белгісіз індеттің ошағы шыққан Еркіндік ауылына кіру қиын. Елді мекен кіреберісінде жергілікті жауаптылармен бірге, арнайы құрылған комиссия мен эпидемиологтар жұмыс атқаруда.
МЕЙІРЖАН АҚЖАНОВ, Жетекші маман:
-Ішке кірген машина сыртқа шыққан машина да. Инфекция тарамас үшін. Кеуіп кетпес үшін су сеуіп тұрамыз.
Шектеу жарияланғалы бері ауылға кіруді айтпағанда, шығудың өзі мұң. Жақындарынан айырылған екі бірдей отбасына адамдар көңілді үйде емес, далада айтуға мәжбүр. Тіпті, марқұмдардың денелерінің күлін де сыртқа шығарудан өзге амалымыз жоқ дейді.
Еркіндік ауылының атқамінерлері 50 шақырым жерге дейін шектеуді кеше кешкі сағат алтыдан бастап жариялады. Жергілікті атқамінерлер ауылдан ешкімнің кіріп-шықпайтынын қатаң бақылайды. Мұндағы ет, сүт өнімдерінің саудаға қойылуына да тыйым салынды.
МҰХИТ МҰХТАРОВ, Шет ауданы әкімінің орынбасары:
- Тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Дворовый обход үш мәрте жасалып отыр. Ол жаңағы медицина, ветслужбаның тарапынан.
Емханаға түскен тоғыз науқастан сібір жарасының белгілері анықталғанын облыстың шенеуніктері де растап отыр. Бірақ соңғы диагноз тек республикалық мамандардың жауабынан соң қойылады дейді.
ШАГУРАШИД МАМАЛИНОВ, Қарағанды облысы әкімінің ауылшаруашылық жұмыстары бойынша орынбасары:
-Қорытынды нәтижесін қолымызға ертең аламыз деген үміттемін. Бірақ бірінші сараптама қорытындысы сібір жарасын көрсетіп тұр. Әзірге аталмыш елдімекенде алдын алу жұмыстарын атқарып жатырмыз.
Бірақ қайғы жұтқан еркіндіктегілер шенділердің сөзіне иланбайды. Ауылдан шыға алмай бейнежазбаны уатсап арқылы жіберген халық кеселге қарсы екпелер барлығына бірдей жасалмағанын айтады.
Әзірге Қарағандыдан 200 шақырымдай жердегі Еркіндік ауылына карантин 15 күнге қойылды. Бірақ кесел расталса, шенеуніктер уақытын ұзартамыз деп отыр.
Ал қазір облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында Сібір жарасына қарсы емді Кажкенов Ж.С. - 1968 ж., Бисенбаева М.Т. - 1971 ж., Боқаева Г.С. - 1973 ж., Сиязбай Н.К. - 1992 ж., Мұхамеджанов М.С., - 2006 ж. мен Бақай С.С. - 1963 ж. алып жатқаны белгілі. Ал қайтыс болған Кәкен Қажкенов пен Айгүл Ахметованың жерлеуі ертең туған ауылдарында өтеді.