Н. Назарбаев: ТМД БІЗ ОЙЛАҒАНДАЙ БОЛМАЙ ШЫҚТЫ (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709030742354_small.jpg

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Россия 24» телеарнасына сұхбат беріп, Қазақстан мен Ресей әріптестігі, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының рөлі жайлы ойларымен бөлісті, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Президент сұхбат барысында ТМД-ның құрылу тарихына тоқталды.

«Тарихты, Алматыда ТМД құрылған 21 желтоқсанды еске түсіру керек. Беловеж жиыны болғанда славян елдері біріге бастады, Қазақстанмен, Орта Азиямен, Кавказ елдерімен бірлесу мәселесі туды. Беловеж келісімінің мүшелері не болады, қалай болады деп уайымға салынды. Осы жерде Түркістан одағын құру туралы да сөз шықты. Кавказ елдерінің өз ойлары болды. осындай жағдайда мен барлығымыз әріптестік құрайық деген ұсыныс тастадым. Өйткені, ол кезде «одақ» деген сөзге жұрт қызыл көрген бұқадай қарайтын. Алматыда сол достастықты құрдық», - деп еске алды сол күндерді Н. Назарбаев.

Алайда, Н. Назарбаевтың айтуынша, барлығы жоспарланғандай болмай шыққан.

«Біздің ортақ қорғаныс кеңістігіміз, еркін сауда-саттық, адамдардың емін-еркін жүріп-тұруы болады және біз ортақ құндылықтарды қорғаймыз деген үміт болған. Бірақ, барлығы басқаша болды. біз қалағандай болмады. Барлық елдер егемендігін алған соң оны нығайтуға тырысты. Әркімнің өз идеясы болды, әркім өз жолымен кетті. Сөйтіп, бұл ұйымның да тігісі сөгіле бастады. Бірлескен жұмыстар күн өткен сайын бәсеңдей берді. Тіпті, өзіміз қабылдаған көптеген құжаттарды ешқайсымыз орындамайтын жағдайға келдік. Біреулер қол қойды, біреулер қол қоймай отырды, сөйтіп жауапкершілік алудан бас тартты. Мұндай жағдайда қандай ұйым болады? Ол қалай жұмыс істейді? Осыны мен үнемі уайымдап жүретінмін. Бірақ, ТМД-ның құрылғаны жақсы болды деп санаймын. Біріншіден, біздің бейбіт тарауымыз үшін. Екіншіден, бұл президенттер кездесетін алаң болды. өйткені, бөліну жүріп жатқанда шекарада адамдар арасында түрлі жағдайлар орын алып жатты. Бір отбасының мүшелері шекараның арғы бетінде, бірі бергі бетінде қалып жатты. Біреулер Мәскеуде оқып жатса, балалары осында тұрып жатты. Осындай адами мәселелерді шешуде көптеген сұрақтар туды. ТМД мемлекет басшылары бас қосып, пікір алмасатын алаң болды, бір-бірімізге қарауымыздың өзі маңызды болатын», - дейді Елбасы.

Президент сұхбат барысында ТМД-дан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақ, посткеңестік кеңістіктегі саяси-экономикалық ахуалға байланысты да ойларымен бөліскен.

Связанные Статьи