Вьетнамдағы «Жыландар циркін» басқаратын қазақ қызы

/uploads/thumbnail/20170709063203495_small.jpg

Биылғы жылдың көктемінде Вьетнамдағы «Жыландар циркінің» құрылғанына бір жыл толды. Наджия Абдрахманова есімді қазақтың қайсар қызы негізін қалаған  «Жыландар циркі» әлемдегі теңдесі жоқ бірегей жоба.

Наджия Абдрахманова Кеңес Үкіметінің тарқар тұсында мектеп табалдырығын аттап, Алматыдағы аз санды қазақ мектебінің бірінде білім алған. Ағылшын тілін Австралиядағы Сидней қаласында оқыған.

Өмір жолында кәсіп пен мамандықтың бірнеше түрін алмастырған құрбымыз 2014 жылы бәрін тастап, өзінің жан қалауымен айналысуға бет бұрады. Оның жан қалауы ешкімге ұқсамау және өзге ешкім жүрмеген өзіндік сара жолын табу еді. Сөйтіп Алматыда біраз уақыт жұмыссыз жүрген ол Оңтүстік Шығыс Азиядағы табиғаты ерекше Вьетнамға сапар шегеді.

Наджияның бұл елде ешбір танысы не досы жоқ еді. Бейтаныс елде бастапқыда дүкенші болып жұмыс істеген қазақ қызы тауарлар әлемінен жалыға бастайды. 2015 жылы жаңа танысқан жергілікті достарымен бірлесіп, «Жыландар циркін» ашуды ұйғарады.

Дүкендегі ісін тастаған Наджия бірнеше түрлі жыландарды бағатын ферманы да құрады. Қарамағына «жылан арбаушы» мамандарды жұмысқа алады.

Бүгінде Наджия Абдрахманова басқаратын «Жыландар циркінде» елу адам жұмыс істейді.

«Жыландар циркіне» тек вьетнамдықтар ғана емес, шет елдіктер де көп келеді. Туристерді көп қызықтыратыны — жылан өнерін тамашалаудан ләззат алу, жыланды сипау арқылы кейбір ауру түрінен айығуды көздейтіндері де бар.

«Өткеніме қарасам, қысқа мерзімде талай асуды артқа тастағанымды байқадым. Бірақ дәл қазіргі уақытта отбасынан гөрі жұмысым мен үшін маңыздырақ болып тұр. Алда талай жоспар, көптеген мақсаттар күтіп тұр. Сондықтан менің демалуға да, бір сәтке тежелуге де уақытым жоқ», — дейді Наджия. 

Шарафат Жылқыбаева

Связанные Статьи