Әлемдік нарықты жаулаған Apple алпауыты жаңа өнімдері – iPhone 7 мен 7 Plus смартфондарының таныстырылымын өткізді.
Корпусы шыны мен алюминийден жасалған жайа «айфондарда» екі стереодинамика мен IP67 стандарты бойынша су өткізбейтін қорғаныш болады. «Айфонның» түр-түсін түрлі-түсті етіп шығарып жатқан компания бұл жолы, сонымен қатар, сымсыз құлаққаптарын да таныстырды.
Хош делік.
Бұл атақты «айфондарды» алуға немесе ескі «айфондарын» жаңасына ауыстыруға қазақстандықтардың қалтасы көтере ме? Жалпы қазақстандықтар бұл қымбат өнімге қалай қол жеткізіп жүр. Бүгін осыған тоқталсақ.
Таныстырылымы кеше ғана өткен iPhone 7 елімізге әлі келе қойған жоқ. Алайда дәл осы өнімнің 4, 5, 5 s, 6, 6 Plus, 6s сияқты бар түрі кеңінен тарады.
Бізге соңғы келген «Айфон 6» өнімдерінің бағасы осы уақытқа дейін өз құнын сақтап келеді. Мәселен, «Каспий магазинде» бұл тауардың құны (оның ішінде Space Gray,Gold, Rose Gold, Silver сияқты түрлері мен смартфонның жадының көлеміне байланысты) 200 мың теңгеден бастап, 335 мың теңгеге дейін барады.
Ал «Технодом», «Сулпак» сияқты сауда орындарында да бұдан төмендей қоймайды. Осы шамада: 200-330 мың теңге аралығында.
Мұндай сомманы қалтаңыз көтермесе, сауда маркетингі дамыған. Кеңесшілер алушыға кредитке алу жолын ұсына бастайды.
Сонымен, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылғы есеп бойынша, елімізде орташа жалақы 118 638 мың теңгеге тең. Саалалық құрылымда ең үлкен жалақы кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазуда - 266,1 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2,2 есеге асты), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте - 231,2 мың теңге (1,9 есеге асты), қаржы және сақтандыру қызметінде 208,9 мың теңге (1,8 есеге асты) белгіленген.
Ал, ең төменгі жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінде белгіленді - 58,0 мың теңге, бұл ел бойынша орта көрсеткіштен 51,1 пайызға төмен делінген.
Елдің бәрінің кен орындарында, техникалық қызмет пен қаржы және сақтандыру салаларында жұмыс істемейтінін ескерсек, жалпылама қарапайым жұрттың орташа жалақсы 80-100 мың теңгенің көлемінде екені белгілі.

Байқасаңыз, «айфон» смартфонын қолданушылардың дені – жастар. Оның ішінде оқушылар да, студенттер де, жас мамандар да бар.
Сонымен оқушылар мен студенттер бұл қымбат смартфонға қалай қол жеткізеді?
Жауап белгілі.
Оқушыларға ата-аналары алып береді. Бір ғана себеп: балам қатарынан қалмасын. Бір ғана жол: кредит.
Студенттер өздері алады. Әрине, кредитке. Бір ғана жұбанышы: шәкіртақыдан төлеу.
Маржан, студент:
-Негізі айфонды бір ұстасаң, кейін басқа телефон ұстағың келмей қалады. Бұл смартфонның мүмкіндігі көп. Мысалы мен фото-фидео түсірумен әуестенем. Кәсіби фотоаппараттар мен үшін артық. Қалтамда жүрген айфон арқылы қалаған фотомды, қалаған видеомды түсіремін. Сондықтан шығар, маған ыңғайлы. Басынан бастап алып келем. Менде 5 те, 6 да болды. Қазір 6 s ұстап жүрмін. Әрине, барлығын кредитке алдым. Жаңасына ауыстыратын кезде, бастапқы құнынан сәл-ақ төмен бағаға сатып жіберемін.
Ерсұлтан, оқушы:
-Мен екі жылдан бері ұстап жүрмін осы телефонымды. Сыныптастарым жаппай алғанда мен де әкеме өтініш айтқам. Ол туған күніме сыйлады.
Жансая, (Алматы)
-Өткен жылы сіңілім оқуға түскенде сіңіліме алып бердім. Түр-түсін таңдап жүрсем, сатушылар «сақтандыру қосасыз ба, қанша жылға аласыз» деп рәсімдеуге дайындалып жүр. Мен кредитке емес, қолма-қол сатып алатынымды айтқанда, «айфонды кредитсіз, 200 мың теңгеге сатып алушылар сирек келеді бізге» деп күлді сатушылар.
Сонымен, қомақты қаржылай, тұрмыстық техникаға арналған тауарлар және басқа жолмен кредит алып, аз айлығының жартысын соған төлеп жүрген азаматтардан өзге, iPhone үшін кредитке байланған қазақстандықтардың санын болжау мүмкін емес.
Индира Қуат