Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің басшылығымен жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселелері жөніндегі жиын өтті. Онда Алматы облысындағы «Қуат LTD» ЖШС негізінде жүн кластері жобасы таныстырылды, деп хабарлады министрлітің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, жиын барысында Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының, Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағының өкілдері сөз сөйлеп, аталмыш салада қордаланып қалған өзекті мәселелер жайлы баяндады.
Кездесуге сондай-ақ ұлттық экономика, қаржы, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, қорғаныс, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің, «Бәйтерек» ҰҚБ» АҚ, «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ, «NADLoC» АҚ, «KAZNEX INVEST» АҚ өкілдері қатысты.
Жиынға қатысқандардың айтуынша, бүгінгі таңда контрафактілік өнімдердің нарыққа жеткізілуі мен сатылу мәселелері өзекті болып қалуда, ал Қазақстанның ішкі нарығында жеңіл өнеркәсіп өндірушілері үшін экономикалық шарттардың әркелкі болу мәселесі әлі де шешілмеген.
Оған қоса, тауар өткізу желісінің күйреуі, өндіріс, көтерме және бөлшектеп сату салаларының өзара байланысының бұзылуы орын алған. Аң терісінен жасалған бұйымдарды таңбалау қажеттігі және ірі қара малдың өңделмеген терілерін Қазақстан Республикасы аумағынан шығаруға тыйым салу қажеттігі де айтылды.
Талқылаудың қорытындылары бойынша, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері аталмыш саланың өзекті мәселелерін шешу жөнінде өз ұсыныстарын берді.
Оставить комментарий