Үкімет жиынында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Алматы облысы Жамбыл ауданындағы қанды оқиға туралы айтып берді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
«20 қыркүйек күні бізге Алматыда мал сатуға кетіп, жоғалған азаматтар туралы арыз түсті. Екі көлікпен олар 41 бас ірі қараны Алматы облысындағы базарға алып барған. 21 қыркүйекте бір көлік, 23-і күні екіншісі табылды. Кейін жергілікті тұрғындардың осы көлік жүргізушілеріне көмектескені, олардың көлігі балшыққа батып қалғаны анықталды, сол тұрғындар арқылы екі күдіктіні таптық», - деді ІІМ Қ. Қасымов.
Министрдің айтуынша, қылмыскерлер ол үш азаматты алдап, алып кеткен.
«Шатқалға апарып, олар үш кісіні де өлтірген. Мал мен мәйіттерді көлікпен алып бара жатқанда көліктері батып қалған. Сосын жергілікті тұрғындардан көмек сұраған. Қазір қылмыскерлер тұтқындалды, қылмыс жасалған қару тәркіленді, қылмыскерлер қылмыс орны мен мәйіттер көмілген жерді өз еріктерімен көрсетті. Барлық қажет сараптама тағайындалды. Бүгін қаза болған азаматтардың жерлеу рәсімі өтеді. 36 бас мал тәркіленді. Істі Алматы облыстық ІІД бақылауға алды. Мен жақын күндері тергеу аяқталып, іс сотқа беріледі деп ойлаймын», - дейді министр.
Министрдің баяндамасын тыңдаған премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Қ. Қасымовқа істің барысын бақылауға алуды тапсырды және Үкіметтің келесі отырысы қоғамдық қауіпсіздік және озбырлықпен күреске арналатынын айтты.
«Бақылауға алыңыз. Қоғамдық қауіпсіздік, озбырлықпен күрес біздің жұмыстың басты бағыты екенін бәріміз білеміз. Сондықтан келесі жақында осы мәселені үкімет жиынында қарау керек деп ойлаймын», - деді Б. Сағынтаев.
Естеріңізге салсақ, Алматы облысы Жамбыл ауданында үш азамат жоғалып, олардың кейін кісі қолынан қаза болғаны хабарланған болатын.
Бүгін Алматы облысы Көксу ауданында марқұмдардың жерлеу рәсімі өтуде. Марқұмдардың артында сегіз бала жетім қалды.
Естеріңізге салсақ, Qamshy.kz порталы ІІМ Қ. Қасымовтың атына аталған істі қатаң бақылауға алып, тергеудің барысы туралы қоғамды құлақтандыруды сұрап хат жазған болатын.
Оставить комментарий