АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҮШ АЗАМАТТЫ ӨЛТІРДІ ДЕГЕН ЕКІ КҮДІКТІ СОТТА БІРІНІҢ СӨЗІН БІРІ ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709162604710_small.jpg

Ұзынағашта өлтірілген Қадылбек Әлімханұлының әкесі Әлімхан Аждан ағайынды үш жігітті өлтіргендер саны екі адамнан да көп болуы мүмкін дейді. Бұл туралы  Qamshy.kz хабарлайды.

Алматы облысы Жамбыл ауданында айуандықпен өлтірілген үш азаматтың ісі бойынша сот процесі басталғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Қаскелеңде өтіп датқан сотқа Қадылбек Әлімханұлының әкесі Әлімхан ҚажыдарҮрімжіден арнайы келіп, сотта куә ретінде жауап берді. Ә. Ажданнан куә ретінде жауап алу туралы өтінішті жәбірленуші тарап берген.  

Сөзін: «Мен Үрімжіден арнайы келдім. Кемпірім науқас. Бәріміз қан жұтып отырмыз. Мына қылмыс тек біздің әулетке ғана емес, тұтастай қоғамға кері әсер етті», - деп бастаған Қадылбек Әлімханның әкесі қылмысқа қатысты күдігінің көп екенін айтты.

«Бұл жендеттер тек екі адам болмауы мүмкін. Мына екеуі өлтірілген үш азаматты биік көліктің үстіне шығара алады деп ойламаймын. Одан кейін қылмысқа күдіктілердің біреуінің әйелінің де қатысы бар деп ойлаймын. Өйткені, мал солардың үйінен табылды. Малды үйіне жасырған ғой. Айдос дегенге де күдік көп», - дейді қаза тапқан азаматтың әкесі.

Сондай-ақ, бүгінгі сот отырысында қылмысқа қатысы бар деп айыпталған күдікті Мұрат Оңалбаевтан да жауап алынды. Бұған дейін негізгі күдікті Талғат Сүлейманов сотта оқиға орнында үш азаматпен сөзге келіп, ерегес болғанын, төбелес болғанын, сол кезде оларға оқ атқанын айтқан еді. Бір айта кетерлігі, Т. Сүлеймановтың адвокаты тергеу барысында оқиғаның хронологиясын басқаша баяндаған еді.

Адовкат Меркебек Мәкенбаев күдіктілерден алынған жауап бойынша, оқиғаның хронологиясы былай өрбігенін айтқан болатын:

«17 қыркүйекте Сүлейманов Ұзынағаштағы мал базарына барады. Ол мал шаруашылығымен айналысады. Сенбіден жексенбіге қараған түні базарда әдетте адамдар көптер жиналады: біреу мал әкеледі, екіншісі орын алып қояды. Осылайша менің қорғалушым да сол күні базарға келіп, өзінің 2-3 бұзауын сатады. Кейіннен Сүлейманов екі көлікпен мал әкелген ағайындыларды көріп, олармен саудаласа бастайды. Сүлейманов 16 бас сиыр сатып алады», - деген болатын адвокат.

Алынған тауар үшін күдікті Сүлейманов сатушыларға 2 миллион теңгеден аса ақша береді. Содан күдіктілер ағайындылардың жүк көлігімен малдарды Сұраншы батыр ауылына апарады. Жолда Сүлейманов өзінің ауылдасы Оңалбаевқа хабарласып, одан малдарды көліктен шығаруға көмектесуін сұрайды. 28 қыркүйекте шамамен сағат 13.00-де олар Сүлеймановтың үйіне келіп, малдарды сонда қалдырады. Айта кетейік, олар ағайындылардың 36 малын сатып аламыз деп келіскен екен.

«Содан Сүлейманов оларды алдап, 20 малды оның тау жақта тұратын туысы алғысы келетінін айтады. Сонда қалған ақшаны береміз деп келіскен. Олар ағайындыларғатағы екі миллион 800 мың теңге төлеу керек болатын. Осылайша мал сатушылар келісіп, менің қорғалушым өзімен бірге винчестер алып шығады. Ағайындардың «Неліктен қару алып шықтың?» деген сұрағына Сүлейманов онда қасқырлар көп деп, қаруды қойшыларға апарып беретінін айтқан», - деген Меркебек Мәкенбаев.

Тауға баруға келіскен үш ағайынды мен күдіктілер осылайша жолға шығады. Олардың соңынан сұр түсті Mercedes көлігін жүргізіп келе жатқан Оңалбаев келеді. Таудағы қораға жақындаған бойда олар Сулы сай шатқалының алдына барып тоқтайды. Содан малшылар Камаздан 12 малды түсіреді. «Шатқалға жеткенде Сүлейманов қасындағы ер адамның арқасына оқ атады. Алайда ол құламайды. Содан менің қорғалушым екінші рет тағы оқ атады. Содан ер адамның мәйітін алып, шөптің арасына тығып, ары қарай кете береді. Сол жақта Сүлейманов ағасының мал қорасында қалғанын айтады. Шатқалда Талғат Сүлейманов екінші ер адамды атып өлтіреді. Осыны көрген Мұрат оған бас салып, осы қылмыс үшін қамауға алынатындарын айтқан. Ал Талғат болса оның бұл айқайына «Егер сен маған қазір көмектеспесең, сені де өлтіремін" деп жауап қайтарған», - деді адвокат. Сүлейманов Мұратты қорқытып, оған үшінші ер адамды шай ішуге шақыруын бұйырады. Содан Мұрат үшінші ер адам жаққа қарай бет бұрған болып, жолда жасырынып қалады. Бірнеше уақыт өткен соң Сүлеймановтың өзі сол жаққа қарай барып, табиғатты тамашалап жүрген үшінші ер адамды көреді.

«300 метр биіктікте тұрып, винтовкамен үшінші ер адамның басына оқ атады. Содан Мұратты тауып алып, оны көмектесуге мәжбүрлейді. Сөйтіп екеуі мәйіттерді Камазға салады. Мүрделерді Камаздың ішіндегі тезектермен жауып тастайды. Кейін жолға шығады. Алайда жүк көлігі жолда бұзылып қалады. Содан олар Камазды сол жақта тастап, үйлеріне қайта береді. Мұның барлығын Сүлеймановтың өзі айтып берді. Кінәсін толықтай мойындады. Ағайындыларды өлтірген соң қатты қиналғанын және дүйсенбіде өзі келіп, кінәсін мойындамақшы болғанын да айтты. Сондай-ақ, ол үш ер адамды 20 малды тартып алу үшін өлтіргенін айтты», - деген болатын адвокат. Сонымен қатар, адвокат күдіктілердің бұл қылмысты алдын ала ойластырмағанын мәлімдеген.

Ал, сотқа келгенде күдікті Сүлейманов басқаша сөйлеген. Алайда, бүгінгі сот отырысында жауап берген Мұрат Оңалбаев сыбайласының айтқандарын жоққа шығарды. Оңалбаев тергеу кезінде айтқандарын, яғни, қаза болған жігіттердің күдіктілерге ешқандай шабуыл жасамағанын, ешқандай төбелес болмағанын қайталап айтты. Сондай-ақ, М. Оңалбаев өзін Т. Сүлеймановтың қорқытып, қысым жасағанын да қайталап айтты.

Естеріңізге салсақ, бейсенбі күні өткен сот отырысында қаза тапқан Жарқын Долданұлының әкесі Долдан Әмірбайұлы да қылмыстың тергеу кезінде толық ашылғанына күмәнданатынын айтқан болатын. Марқұмдардың туыстары үш азамат жоғалғаннан бастап, оларды іздестіру, қылмысты тергеу барысына көңілі толмайтындықтарын, қылмысқа қатысы бар делінген күдіктілердің кейбіріне әлдебіреулердің қысым жасауы мүмкін екенін де айтады.

Үш азаматтың өлімі бойынша бүгінгі сот отырысында қылмыс болған аймақта орналасқан шекара бекетінің әскери қызметшілерінен де жауап алынды.

Аталған сот процесінің барысынан оқырмандарды алдағы уақытта да хабардар ететін боламыз.  

Ерлан Төлеубай

Связанные Статьи