Өкінішке орай, мемлекетке қатысы бар мекеме, ұйымдар мен лауазымды тұлғалар төңірегінде жемқорлық пен алаяқтыққа қатысты әңгіме де ере жүретін болды. Мұны парақорлықпен күресуші бас мекеме – мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік те растап отыр.
Агенттік жүргізген мориторинг квазимемлекеттік саладағы жемқорлық оқиғалары алаңдаушылық туғызатынын көрсеткен.
Жауапты мекеме жасаған талдау өткен жылмен салыстырғанда аталған салада жемқорлық қылмыстың 1,5 есе өскенін (143-тен 202-ге) анықтаған. Орын алған қылмыстар негізінен ұрлау, лауазымдық міндеттерін шамадан тыс пайдалану, мемлекеттік сатып алулар мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезіндегі пара алушылықпен байланысты болып отыр.
Мәселен, жемқорлыққа қарсы қызмет жақында ғана «Бәйтерек Devolopment» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Жақыповты, аталған мекеменің мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру дирекциясының басшысы Бауыржан Әйтімбетов пен Ғазиз Сариевті тұтқындаған болатын. Олар 28 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін ұсталды. Сыбайлас топ Қазақстанның бірнеше өңіріндегі 13 мекемені қосып, «Нұрлы жол» бағдарламасына деп бөлінген қаражатты жымқыру үшін үлкен қылмыстық схема да құрған көрінеді.
Жемқорлыққа батқан компания бір «Бәйтерек Devolopment» емес. Қаржылық қылмыстармен күресуші агенттік «Астана ЭКСПО-2017», «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» (ӘПК), «Жетісу» ӘПК», «Қазақстан Теміржолы», «Қазақтелеком» ұлттық компаниялары, «Қорғас» шекара маңы әріптестігі халықаралық орталығы, «ҚазМұнайГаз өнімдері», т.б. компаниялардың да жұмысындағы біраз былықты ашты.
Агенттік бұл мекемелердегі жемқорлық қылмыстың 55 пайызы (112 қылмыс) сатып алулар тәртібіне байланысты екендігін алға тартады. Осылайша, өзі – би, өзі – қожа болған ұлттық компания қызметкерлері мемлекеттік сатып алулар туралы заңнама талаптарын айналып өтіп, қазынаның қыруар қаржысын жеке мүдделеріне пайдаланудың көзін тапқан.