Елорда атауының өзгеруі жайында ерекше екі пікір

/uploads/thumbnail/20170709165434575_small.jpg

 

Депутаттар Астанаға Елбасының есімін беруді ұсынды деген ақпарат порталымызда шыққан болатын. Ақпарат таралысымен Елорда атауының өзгеруіне байланысты жан-жақтан әртүрлі ой-пікір айтыла бастады. Қамшы порталы ел алдында жүрген азаматтардың аталмыш мәселе төңірегінде білдірген көзқарастарын оқырман назарына ұсынып отыр.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан:

«Жалпы бұл бірінші рет ұсынылып отырған жоқ. Осы мәселені кезінде Парламент депутаты Сәт Тоқпақбаевтың (автор - 2008 жылы Елбасының атымен атауды ұсынған) тарапынан көтерілген болатын. Ширек ғасырлық мерекенің қарсаңында бұл бастаманы жеке өз басым қолдаймын. Неге десеңіз, бұл тарихта бар жағдай. Мемлекетті құрған адамның есімімен қаланы атау тәжірибесі бар. Мәселен, Вашингтон қаласы баршаға мәлім. Нұрсұлтан атындағы қаланың болғаны Тәуелсіздіктің символы іспеттес. Тәуелсіз Қазақстан мен Назарбаевтың аты синонимдер сияқты. Мені жағынды немесе басқа деп түсінсеңіздер, өздеріңіз біліңіздер, бірақ тарихи көзқараспен және егеменді елдің азаматы ретінде, мұны өте бір әділ ұсыныс деп ойлаймын», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясы» қабылданып, онда Елбасының есімін елорданың және еліміздің басқа да нысандарында көрсету ұсынылған еді. 

Ақын-журналист Жұмаш Көкбөрі:

«Мәңгілік» депутат Қ. Сұлтановтың мемлекет басшысының есімін  Астанаға беру туралы ұсынысын, оны қолдай кеткен Косаревтың бұл қадамдарын - жеке басқа табынушылық деп бағалау керек!

Біріншіден, Н. Назарбаевтың көзі тірісінде ол адамға астана атын беру – барып тұрған жағымпаздықтың жарқын бір көрінісі деп түсінген жөн. Болмаса, бұл адамдар Ұлт көшбасшысынан құтыла алмай жүр ме деген де ойға қалады екенсің... Адам есімін тарихта қалдыру үшін, ол пенде бұл өмірде болмауы керек!..

Бүкіл әлем алдында күлкіге қалмайық десек, бұл есерсоқ ұсыныстарға тосқауыл қою керек! Және де ана Сұлтанов, Косарев, т.б. кім еді, сол жағымпаздарды жазаламай, жағдай түзелмейтін сияқты.

1986 жылғы әйгілі Желтоқсан қасіреті өте сала  Орталық Комитеттегі бір пленумда осы Қуаныш Сұлтановтың Кобиннің алдында: «мен жетім едім...» деп ботадай боздағанын, кеше өзін адам еткен Д. Қонавты адам демегенін біз ұмытқамыз жоқ.

Кеше Колбинге жағымпазданса, бүгін Нұрағаңа жағымпазданатындай, бұл пенденің басына не күн туды екен?..

Бұл пенде өзінің осы бір оспадар мінезі арқылы біздің сүйікті мемлекет басшысын бүкіл әлем алдында күлкіге қалдырайын деп отырғаны анық...

Косаревке «бар бир», оның ертең баратын жері, елі, мемлекеті бар. Ал, Қ.Сұлтанов қайда барады?..

Мынадай жағымпаздарға еріп, күлкіге қалмайық, ағайын?..

 

 

 

Оставить комментарий

Связанные Статьи