Макс Боқаев пен Талғат Аянов сотта соңғы сөздерін айтты

/uploads/thumbnail/20170709165911735_small.jpg

Кеше №2 Атырау қалалық сотында қоғам белсенділері Макс Боқаев пен Талғат Аянов соңғы сөздерін айтты. Тараптар жарыссөзінен кейін сотталушылардың соңғы сөзін тыңдаған судья Г.Дәулешова үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті.

 «Жер кодексі түбегейлі өзгертілсін. Талғат екеуміздің айтарымыз бар, бұл біздің соңғы сөзіміз емес. Қазақстанның дамуына өз үлесімізді қоса алатынымызға сенімдімін. Еліміздің гүлденуіне барлық мүмкіншіліктердің бар екеніне сенемін», - деді М.Боқаев соңғы сөзінде.

Ал Талғат Аяновтың сөзі әдеттегідей қысқа да нұсқа болды. Ол соңғы сөзінде өзінің кінәлі еместігін айтты.

Өз кезегінде, судья Г.Дәулешова екі айға жуық уақытқа созылған басты сот процесін қорытып, үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті.

Еске сала кетсек, кешегі сотта тараптар жарыссөзі өтіп, оның барысында мемлекеттік айыптаушы Марат Хабибуллин соттан М.Боқаев пен Т.Аяновты 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Прокурор сот процесі барысында сотталушылардан, көптеген куәгерлер мен сарапшылардан жауап алынғанын, іс бойынша барлық дәлелдер мен материалдардың, заттай айғақтардың зерттеліп, өтініштердің қаралғанын айтты. Ол Боқаев пен Аяновқа тағылған айыптардың толық дәлелденгенін жеткізді. Сотталушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы: 174 баптың 2 тармағы, яғни, әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызуға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, азаматтардың ұлттық намысы мен қадір қасиетіне тіл тигізу; 274 баптың 4 тармағы, яғни, қоғамдық тәртіпті бұзуға қауіп төндіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату; 400 бап, яғни, заңсыз шерулерді ұйымдастыру, өткізу және оған қатысу бойынша айыптар тағылып отыр.

Связанные Статьи