ҚЫТАЙ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ГЕОЛОГИЯЛЫҚ КАРТАСЫН ЖАСАУДЫ ҰСЫНДЫ

/uploads/thumbnail/20170709171117959_small.JPG

Қытай халық республикасы жер ресурстары министрінің орынбасары Қазақстан мен Қытайдың біріккен геологиялық картасын жасау керектігін мәлімдеді, - деп хабарлайды Qamshy.kz PM.kz – ке сілтеме жасап.

Сондай-ақ, Қытай тарабы қазақстандық студенттерге білім стипендияларын бөлуге мүдделілік танытып отыр.

Бұл туралы кеше Бейжіңде өткен Қазақ-Қытай әріптестігі жөніндегі комитеттің геология және жер қыртысын пайдалану саласындағы әріптестік жөніндегі кіші комитеттің 8-отырысының ашылуында белгілі болды.

Жиынға қазақ делегациясын Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қыртысын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев пен Қ. Сәтбаев атындағы геология ғылыми институтының директоры Мұрат Өмірсеріков бастап барған. Бас қосуға Қытай елінен жер және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, ҚХР Сыртқы істер министрлігі Азия және Еуропа департаментінің бірінші хатшысы, ҚХР Геологиялық барлау партиялық тобының мүшелері, Геология Академиясы мен геологиялық ведомство өкілдері қатысыпты.

Комитет отырысының ашылуында сөз сөйлеген ҚХР Жер және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Цао Вейсин Қазақстан делегациясын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, қазақ халқының гүлденуіне тілектестік білдірген. Сондай-ақ, вице-министр екі ел геологиялық қызметтерінің әріптестігі мен зерттеліп жатқан өңірлердің біріңғай геологиялық картасын жасау мақсатында геологиялық ақпараттармен алмасуды күшейтудің маңызын баса айтыпты.

Отырыстың күн тәртібінде сонымен қатар, екі ел арасындағы әріптестік жөніндегі комитет жұмысы жөніндегі ақпараттандыру, екі ел шекарасындағы аймақтардың біріңғай картасын жасау жобасын талдау мәселелері де қаралған. Жиында екі елдің геологиялық барлау компаниялары мен кәсіпорындарының халықаралық конгрестер мен кен-металлургиялық сала көрмелеріне қатысу жайы да пысықталған.

Қытай тарабы қазақстандық әріптестеріне 2017 жылдың бірінші жартысында геолог мамандарын оқытуға дайын екендігін, сондай-ақ, Бейжің университеттерінде білім алып жатқан қазақстандық үздік студенттерге ҚХР Үкіметі атынан стипендия тағайындайтындарын айтқан.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қыртысын пайдалану комитеті мен ҚХР Геологиялық қызметі арасындағы әріптестік туралы Меморандум қабылдау жайы қарастырылуда.

Жомарт Абдоллаұлы

Связанные Статьи