Бүгін Шымкент қаласындағы «Қазына» этно-тарихи кешені аумағында өңірдегі түрлі этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенді мүшелері ағаш көшеттерін отырғызды.
Этнос өкілдері бұл бастаманы облыс әкімі, ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Жансейіт Түймебаевтың ұлысымыздың ұйытқысы Оңтүстікті жасыл желекке айналдыру туралы байыпты бастамасына қолдау білдіру деп айтады. Естеріңізге сала кетсек, қала басшысы Шымкентті көгалдандыру үлкен міндет екенін, бұл үшін барлық құрылымдар біріге жұмыс істеу керектігіне ерекше тоқталған болатын.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған игі шараға облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов, ОҚО ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы О.Рахманбердиев қатысып, бұл бастама алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, қала тұрғындарын қуантамыз деген ойын жеткізді.
Шараға атсалысқан ассамблея мүшелері көшет отырғызған аймақты «Достық аллеясы» деп атау жөнінде ұсыныс білдірді. Расында 130-дан астам ұлт өкілдері мекендеген Қазақстандағы ауызбіршілікі,, бірлік баршаға үлгі әрі өнеге. Сондықтан бұлай аллеяны атау да өте орынды деп түсінеміз.
Этностарды қоғамдық бастамаларға ұйыстыру, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту, патриотизмді дамыту, халқымыздың рухани-мәдени ортақтығы негiзiнде қоғамдық келiсiмдi қамтамасыз етуді мақсат еткен игі шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Оставить комментарий