Түркия қазақтарының әншісі Бешір Ахмет Көсе: қазақша ән үйренуіме «Дос-Мұқасан» тобы түрткі болды(Видео)

/uploads/thumbnail/20170709232412943_small.JPG

1955 жылы Түркияның Салихли қаласында туылған, анші, ақын, композитор, жеке кәсіпкер Бешір Ахмет Көсе қазақ әнінен білім алған адам емес. Өйткені Түркияда домбыра немесе басқа қазақ музика аспаптарын үйрететін мектептер жоқ болатын. Оның қазақ музикасына көңіл бөлуіне Измир қаласында, 1977 жылы өткен халықаралық жәрменкеге Қазақстаннан «Дос-Мұқасан» ән тобы келуі түрткі болған. Олардың айтқан «Той үстінде тәтті күндер» өлеңі оны қатты толқытып әсерлендірді. Содан кейін өзі өзіне домбыра шертуді үйрене бастайды. Ыстамбұл Зәйтінбұрын ауданында тұратын әнші мен Бағиланың отбасында біреуі тұрмысқа шыққан, немерелі екі қызы бар.

- Әбдіуақап Қара: Бешір аға сіз бүгіндері Қазақстанда да танымал болған Түркия қазақтарының мақтанышы өнерпазсыз? Осы өнерге, домбыраға қалай келдіңіз? Түркияда қазақ музикасынан мектеп, консерватория жоқ.

- Бешір Ахмет Көсе: Иә дұрыс айтасыз. Мен әннен білім алған адам емеспін. Не үйренсем өз өзіме үйрендім. Домбыраға, қазақ әндеріне көңіл бөлуіме Измир қаласында, 1977 жылы өткен халықаралық жәрменкеге Қазақстаннан «Дос-Мұқасан» ән тобы келуі түрткі болды. Олардың айтқан «Той үстінде тәтті күндер» өлеңі мені қатты толқытып әсерлендірді. Сонда 22 жаста болатынмын, жаңа үйленген уақытымызда, бал айына «Дос-Мұқасан» тобын тыңдау үшін барғанбыз.

Сол жылы үйлендік. Үйлендім. Бір айдан кейін «Дос-Мұқасан» келеді деді. Келіншегіме «Ал енді, бал айына шығып келейік, Измирге барып келейік» дедім. Сол «Дос-Мұқасан» тобына барып-көріп келдік.Қандай керемет ә! Содан кейін ол кісілермен сол жерде таныстық. Онда болғанмен, ол кісілер көп қазақша сөйлемеді, бізбен көп сөйлеспеді. Совет вақты. Үгіттеп жіберген сыяқта шетел қазақтарына жолама деп. Біз олардың шет –жағасында айналып бір ауыз әңгімесін естиік деп тырмысып жүрдік. Барлық қазақтар сол жерге барды. Қазақстаннан жәрменкеге топ келіпті, әншілер де бар екен дегеннен кейін Ыстамбұлдан автобус- автобус болып қазақтар барды. Измирде Балчова ауданыда бір күн жолдасым Бағиланың туыстары бар екен. Солардың үйінде қонақ болдық. Сөйтіп ертесі күні тағы бардық. Неге десеңіз, Измир жәрменкесінде болатын бұлар. Екі күн сол кісілермен жүздестік.

-1977 жылы болды иә?

-Иә, 1977 жылы болды.

-Мен де барғанмын.

-1975 жылы мен әскерге кеттім. 1977 де келдім. Келе сала үйлендім. Наурыз айында келдім. Шілде айында үйлендім және тоғызыншы айда жәрменкеге келдік.  Сол уақыттан бері «Той үстінде тәтті күндер» әнін жақсы көріп, жаттап алдым.

-Нағыз сенің тойыңның үстіне келген ән болды ғой.

-Иә, дәл менің тойыма келген шашу ән болды. Одан кейін «Жұлдызым» деген ән бар. «Қамажай», «Базар-назар», «Жеңеше-ай» деген керемет әндерді үш ай, мүмкін бес ай жалықпай күніне тыңдап жүрдік.  Сол тыңдағаннан бұл әндерді жаттадым. Сол уақытта қазақшамыз  өте нашар болатын. Мағынасын үйрену, тілді қазақшаға үйрету үшін көп уақыт өтті. Сол жас кезімізде, алдымен тілді қазақшаға үйреттік. Одан кейін бір домбыра таптым. Ол кезде Түркияда домбыра жоқ еді.

-Қайдан таптыңыз домбыраны?

-Бір ағам бар еді. Сол кісіде домбыра бар болатын. Мүмкін көшкен уақытта елден алып келген домбыра шығар. Ешкімде домбыра жоқ сонда. Домбыраны іздеп іздеп таба алмаған соң, ол кісі Ыстамбұлға келгенде біздің үйге келіп қонып жататын, сөйтіп сол кісі келіп жүргенде айттым: «Аға, маған домбыра керек. Сіз домбыраңызды маған берсеңіз. Күтіп ұстап, сындырмай, үйреніп алған соң қайтарып берсем, қалай болады?»

-Қай жылы еді?1977 жылы ма?

-Иә, 1977 жылы. Жәрменкеден қайтып келгеннен кейін. Ол «Келер кезде есімде болса, домбыраны алып келейін», - деді. Ол кісілер көп келіп кетіп жүретін. Бір келгенде домбыраны алып келді. Мен балаша қуанып. Жаңадан үйленген кезім, тағы екінші рет үйленгендей болдым. Бір домбыраның өзінің қандай құны бар десеңізші!

-Соншама қуандыңыз ғой.

-Иә өте көп қуандым. Домбыраны қолға алып шертейін десем, өмірімде бұрын домбыра шертіп көрмегем. Ешқандай бір аспап шертіп көрмеппін. Одан кейін, сол «Жұлдызым» деген әнді домбырамен шерте бастадым. Құдай өзі куә, бір кісіден үйренбедім, бір кісі  маған «мынау былай болады» деп көрсетпеді. Өзім, жаңа үйленген шағымда жатқанда әйелім бір жақта, домбырам бір жақта. Түнде төсектің үстіне шығарып қоятынмын. Неге десеңіз, таңертең сағат 6-7 де тұрып алып домбыраны алам да, әйелім оянып кетпесін деп, басқа бөлмеге барып тыңғыр-тыңғыр деп шерте бастаймын.

- Әйеліңіздің мазасы кетпей ме дыбысқа?

- Жоқ, жәй, мазасын алмайын деп ақырын шертемін. «Мына кісі тек домбыра шерте бере ме?» деген әңгіме болмасын деп, таңертең  шай дайын болған уақытқа дейін 1-2 сағат домбыраны дыңылдатып отырамын. Одан кейін жұмысқа кетеміз.  Кешке сағат 9-10 да түнделетіп кеш жұмыстан келеміз. Жұмыс жеріміз де ұзақ.

-Қандай жұмыс еді?

-Тері жұмысы. Әкеміздің отельесі бар ғой. Жұма деген үлкен ағамыздың тері киім дүкені бар. Сол кезде Еуропада қойдың аққа боялған терісінен мода болған “Шибискин” деген тері киімдерге тігін машинасы арқылы кесте саламын. Сөйтіп кешке сағат 9- ға дейін жұмыс істеп, үйге жүгіре келіп тамақ ішіп-жеп алғаннан кейін ешқайда шықпай үйде отырып дереу домбыраны құшақтап алып, отырып, жатқанша домбырамен әңгімелесетінмін. Сөйтіп бір жыл солай өтті. 1978 жылға дейін бір жыл ішінде 2-3 әнді шертуді үйрендім. «Базар Назар»ды шерте бастадым, «Жұлдызым»ды шерте бастадым, «Қамажай»ды шерте бастадым. Одан кейін 1979-1980 жылдары қолым домбыраға әбден үйренді. Енді домбырамен жақсы ойнайтындай болып. Одан кейін бір-екі домбырашы жолдастармен кездестім. Олардың бірі Әбдуғани Мәкин еді. Домбырамен ән айтуда менің бірінші жолдасым. Әбдуғани Мәкин де сол кезде университетте оқып жүрген. Ол кісі де домбыраны әдемі тартатын. Ол кісі алдымен гитара ойнауды үйренген. Гитараны үйреніп алып сосын домбыраға ауысқан. Әбдуғани екеуміз 1-2 жыл домбыра шерттік, бірге ән айттық.  Сөйтіп шілдеханалар мен тойларға барып өлең айта бастадық. Біздің домбыра шертіп, ән айтып жүргенімізді көрген кісілер үйлеріне де шақырып, домбыра шеркізетін болды. Домбыра шерткен түгіл, қолға ұстағанды білмейтін адамдар 1-2 жылдан кейін елдер шақырып ән айтқызатын жағдайға жеттік. Сонда өте шебер де емеспіз. Бірақ Ыстамбұлда домбыра шертетін адам жоқ ол кезде. Сонда айтатынымыз төрт-бес ән. Халық соның өзіне мәз-мейрам боп, басымыздан сипап, бізді «Жарайсыңдар» деп мақтайтын болды. Әсіресе жасы үлкен кішілер біз жастардың ұлттық аспап домбыраға қызығып өлең айтып жүргенімізге дән риза.

-Сіздің достарыңыз арасында Түркиялық қазақтардың атақты өнерпазы Зейнел де бар ма еді?

-Зейнелмен кейінірек таныстық. Зейнел ол кезде Ыстамбұлда тұрмайтын, Анқараның ар жағында Нигде қаласына қарасты Алтай деген ауылда тұратын. Оның өзі шығарған әндері бар еститінбіз. Дегенмен ол алыста тұратын. Жиі келмейтін, жылына бір-екі рет келіп кететін. Зейнел кейін өзінің бір ән кассетасын шығарды.  Сосын Ыстамбұлға көшіп келгеннен кейін Зейнелмен танысып араластық.

-Қай жылы таныстыңдар?

-1982 жыл ғой деймін. Зейнелдің 3-4 әні бар еді. Әндері керемет еді. Бізге ұнады. Сонсоң, әр тойға, шілдеханаларға мен, Ғани, Зейнел үшеуміз бірге бара бастадық. Содан кейін, Зейнел Нигде жақта касетта шығарды. Түріктердің бір мәдениет қоғамының бастығы Зейнелді қолдап қазақша әндерінің бәрін студиода жазып касетта жасатып берді. Сөйтіп Зейнелдің жолы бола бастады. Негізі Зейнелді ән жолына бір қызға ғашық болуы жетеледі. Шығарған әндерінің арқасында ғашық қызына үйленді. Өйткені қайнатасы бастапқыда қыздарын бергісі келмеді. Ол сонда сүйген қыздын әнге қосты. Сөйтіп ол қызға арнап 4-5 әнді бірден шығарып жіберген болатын.

қын болып кеткен екен ғой.

-Қалай еді, сол әндердің бірі былай басталатын:

«Біреуің ғой жүз мың дейсің,
Біреуің ғой сөз білмейсің.
Шариғатты айтып тұрып,
сіз біздерге қыз бермейсің.
Сен, сен, сен қара көздім.
Көзәйнектер салғыш өзің.
Бір жігіттің жүрегін ғой,
Өртеп кетті осы сөзің...»

Сөйтіп Түркияда өсіп ана тілде мектеп көрмеген, газет оқымаған жастар арасынан Зейнел деген қазақша өлең жазатын бір ақыны шықты. Содан соң,

«Қиылған қасыңды, қара көзіңді,
Төгілген шашыңды сұлу ретіңді,
Сайраған тіліңді, тәтті сөзіңді,
Әсіресе жақсы болған сенің өзіңді.

Сагындым сағындым сені сағындым.”

Сосын  қызды бермей қойғаннан кейін, өлеңге «күлгенді» қосып «ха ха ха» деп күлкілі қызық бір әнді де шығарды.

-Бір  екі сөзін айтып берсеңіз.

-«Танысқан жер Алтай қазақ.
Құшақтасып жол жағалап.
Ғашығым деп айтып едім ,  
Ойымыз бір жақсы бала.
Сені қалай ұмытайын.
Сізді қалай ұмытайын.
«ха ха ааха, охо ох охо»


Жыламашы қаракөзім,
Ақжүрек сен аппақ көзің.
Айрылғым келмейді ғой.
Айрылмаса жаным гүлім.
Сені қалай ұмытайын.
Сізді қайтіп ұмытайын?!» сыяқты.

Осылардан кейін Зейнелдің аты шықты. Елдің бәрі «Зейнел, Зейнел» деп кетті. Енді Зейнел бізден бұрын домбыра шертетін Сондықтан да ол бізден бір қадам болса да алда болды сол уақыттарда. Елдің бәрі Зейнелді жақсы көріп атағы шығып кеткеннен кейін қыздың әке –шешесінің де беті қайтты. Қыз да барамын деп отырып алғаннан кейін, Зейнел мақсатына жетті.

-Халық та қолдаған шығар.

-Иә. Халық та қолдады, қыздың әке-шешесіне қысым жасады. Сөйтіп Зейнел сүйген жарымен үйленіп мұратына жетті. Сонда мен ойлаймын, екінші жақтан бұл домбыраның құдыреті шығар деп. Сөйтіп қалың малды төлемей қызды алды ғой. Қазір ол Францияда Парижде, тұрады. Бала шағалары бар, тіпті бала-шағаларының алдын үйлендіріп немерелі болып отыр.

-Енді Бешеке сіз композиторсыз. Бізге, өзіңіздің шығарған әндеріңіз туралы айт саңыз. Алғашқы әнді қалай шығардыңыз? Осы жайында әңгімелеп берсеңіз.

-1982-83 жылдарында, әке-шешелеріміздің жас кездері. Кешке дейін үйде отырғанда  жиылыста, туған жерлерін айтып, сағынып әңгіме етіп отыратын. Сол кездегі құлағымда қалғаны, көп айтатыны Алтай тауы. Қайран Алтай жері дейді. Сөйтіп ол кісілердің екі сөзінің бірі – Алтай болатын. Енді оны көреміз бе, көре алмаймыз ба деп, кешке дейін осы Алтай жайында айтатын. Сол кезде жас баламыз, Алтайдың қайда екенін білсек те өзіміз көрмегенбіз. Әйтеу әке-шешелеріміздің туған жері деп сыйлап жүрдік. Бір күні әке-шешеміздің туған жеріне деп, Түркияға келген барлық қазақтардың, Алтайдан келген қазақтардың құрметіне сол Алтай тауын әнге қосып, осы кісілердің дұғасын алайын, ризашылығын алайын деп, армандарын осы әнге қосайын деп, «Алтай тауы» деген әнді шығардым. Өзім ақын болмасам да жүрегімнін шыққан сөзімді ұйқастырып жазып, домбыраға салдым. 1983 жылдан бастап «Алтай тауы» деген әнімді ақырын-ақырын айта бастадым. Одан кейін алты айдай уақыт өткен бір кезде бір күні шілдеханаға шақырды. Үлкен кісілер бас қосып шілдеханада отыр екен. Сол үлкендер екін бізді шықырып домбырамен бір –екі ән айтып берсін деп. Сонда Ғани екеуміз бардық. Бір екі ән айтып болғаннан кейін: “Сіздер үшін, Алтайдан келген бабаларымз үшін, аталарымыз үшін бір ән шығарып, домбыраға салдым, жақсы-жаман демеңіздер, осы әнді сіздерге бірінші рет айтып беремін. Сіздер тыңдаңыздар. Егер пікірлеріңіз бар болса содан соң айтарсыздар. Ұнаса немесе ұнамаса өз пікірлеріңізді айтарсыздар” дедім. Сөйтіп «Алтай тауы» деген әнді сол жерде айтып жіберіп едім, ән бітісімен әлгі кісілердің бәрі жылап, мені құшақтап-сүйді. Сол кеште мүмкін 5-6 рет қайта қайта айттым ғой деймін. Сол кезде олар Түркияда туып елді, Алтайды көрмеген жігіт қалайша мұндай ән шығарды деп таң қалған екен.

-Сіз бұрын Алтайды көрмедіңіз емес пе?

-Иә, Алтайды бұрын көрмедім. Солай болса да:

«Бала кезімде сенімен бірге өсіп едім,
Ағаштарыңа су беріп өсіріп едім.
Қайран тауым сені сағынушы едім.
Мал сайратып, ат ойнатып жүруші едім.
Алтай тауым, Қайран тауым.
Айрылдым ғой он бесімде,
жетімсіреп тұрсың ба сен?
Сені ойлап  жүремін мен.
Сені тастап сонда қайтіп кетіп едім.
Мұндай ұзақ қалатынымды білуші ма едім?!
Сағынғанмен күнім өтті, саған жетсем.
Тіршілігімде сені бір күн көріп өлсем.
Алтай тауым, Қайран тауым.
Айрылдым он бесімде,
жетімсіреп тұрсың ба сен?
Сені ойлап  жүремін мен»

деп әндетім едім, осы әнді естіген бүкіл қариялар жылап жіберді. Одан кейін, өзім де өте қатты қуандым. Өте толқыдым. Халықтың көңілінен шықтым. Мен сыяқты домбыраны көрмеген, әнді білмейтін, қазақшаны еш түсінбейтін шетелде туып өскен қазақтың бір жігіті үшін күндердін күнінде қазақша ән шығару деген адам сенгісіз үлкен уақиға ғой. Бұл мен үшін үлкен бір мақтаныш, абырой еді.

- Қарап тұрсам, сіз домбыраны алғаш қолға алғаннан алты жылдан кейін ән шығарып кетіпсіз. Талантыңыз бар екен.

-Дұрыс, ән шығарып кеттім. Содан соң, осы әнді барлық жерде айтып жүрдік. Сосын, жастар үшін әндер шығару керек болды. Жастар ән шығаруымды сұрады. Жас жігіттер бізге де жақсы бір әндер шығарсаңыз, біздің де айтымыз келеді, деді.  Сөйтіп оларға деп ән шығардым.

- Қандай әндер шығардыңыз?

-Алдымен өзімнің құрдастарым үшін ән шығардым.  Оны сол уақытта шығардым. Сосын үзіліс болды. 15-20 жылдай. Неге десеңіз, сыртқа шығып кеттік.  Сауд Арабиясында 5 жыл жұмыс істеп жүрдім. 1984-5 жылы кеттім ол жаққа. 1990 келдім. Келген соң, Түркияда тері жұмыстары жақсы болып жатыр екен. Жұмыстан бас көтере алмадық. Қатты жұмыс істеп, түнгі сағат 2-3 терге дейін жұмыс істеп жатып, таңертең тұрып тағы жұмысқа кеттік. Солай өнерден көп үзіліс болып кетті.  Өнерден бұрын алдымен, жан бағу, үйді асырау керек болды. Өйткені бала-шағамыз бар еді. Оларға ақша, үй керек болды. 1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін тұңғыш рет 1993 жыл Қазақстанға бардым. Алғаш барғанда төрт ай болдым. Одан кейін сауда ісімен Қытай жаққа барып келдім. Бейжіңге, Ганконгқа дейін қыдырып, Москвадан бір-ақ шықтым. Осылай бірнеше жыл саудамен айналыстық. Тіккен тері киімдерді басқа елдерге апарып сата бастадық. Жаман болмады, бәрі жақсы, дұрыс болды. 1994 жылдан кейін, жағдайымыз жақсара түскеннен соң Қазақстанда жақсы әндер, күйлер тыңдап жүріп, жүрек қайта домбыра деп соға бастады. Сонсоң, Түркияда тағы да домбыраны қолға алдық. Бұл бір жағынан маған ұлттық міндет ретінде де көрінді. Өйткені артымыздан келе жатқан жастардан домбыра үйреніп жатқан жоқ. Зейнел болса Еуропаға кетіп қалған. Жолдасым Ғани деген жігіт Германияға кетті. Мұстафа Қасанту деген жігітіміз бар еді, ол да Германияға кетті.  Жігіттердің барлығы таралып кетті. Домбыраны тартатын адам болмай қалды. Одан кейін, осы домбыраны қолға алып, осы жастарға мұра қалдырайық, бірнеше ән шығарайық. Қазақстанның жақсы әндерін айтайық деген ой келді.  Сонан соң, қаншама жыл болды, мына «Замандас» деген топты құрдық. 2009 ба еді? қай жылы еді? Біз 94-95 жылдар жайлы айтып отырмыз, иә? 1995 жайлы айтып жатырмыз. Сөйтіп он-он бес жыл осы домбыраны шертіп тойларға, қонақтарға, шілдеханаларға бардық. Жұмысқа байланысты, бос уақыттарда осындай шаруалармен... Сонда менің шығарған әндерім: «Алтай тауым», екінші «Көктем» деген бір әнім бар. Сөзі мен әні өзімдікі. «Мен шет ел қазақтың баласы» жастарға арналған бір әнім тағы бар. Сөзі мен әні де өзімдікі. Және мына билеу үшін музыка шығардым. «Бұрынғы күндерді ойлап кеттім, сен мені шындан шын тастап кеттің, тапсаң да таба алмайсың мендей адам» деген бір ән шығардым жастар үшін. Одан кейін, «Жалғыз көңілім» деген бір ән, «Жалғыз қалған көңілімнің иесін таба алмадым» деген әнмен бес ән болды. «Жаным гүлім, маралым» деген бір ән шығардым.

- 2009 жылында сіз Седат мырзамен бірігіп жастарға  домбыра үйреттіңіз ғой?

- 2009 жылдан кейін Седат деген інімізбен біріктік.  Седатпен бірге осы хорларда жұмыс жасадық. Седат Солахоғлу деген Қазақстанда, Түркістан қаласындағы Х.А. Ясауи университетінің консерваториясын 5 жылда бітіріп келген. Сол жігітпен бірге жолымыз бір болды. Сол жігітпен бірге Ыстамбұлдағы қазақтардың құрған қорларында жұмыс істедік. Мәдениет бастығы болып Седатты алып келдім. Седат домбыра мұғалімі. 2010 жлыдан кейін балаларға сабақ бере бастадық. Сол уақыттан осы уақытқа дейін сол іс-шара, жұмыстармен айналыстық. Осы күнге дейін жиырма бала домбыра ұйренді. Соның ішінде жақсы үйреніп шыққан 5-6 бала болды.

- Сіз «Қазақ қорында» мәдениеттен жауапты бастық болдыңыз. Қандай жұмыстар істедініз?

- Иә, «Қазақ қоғамында» да мәдениет бастығы болып наурыз тойларында концерттер ұйымдастырдым. Сол кездерде Бекболат Тілеухан да Түркияға келген. Үйде қонып етіп, бір концер ұйымдастырдық.  «Зәйтинбұрын-Ақтеңіз» залында. Ол кісі де концертін берді. Ол концерттен бұрын сахнаға мен шықтым үй иесі болып. Содан соң сөзді Бекболат ағамызға бердік. Керемет кеш өтті. Оның арасында көп кештер өткіздік.  Қазақстаннан келген топтар болды, әншілер болды, бишілер болды.  Одан кейін Түркияға қазақтардың келгендігінің 64 жылдығы болды. Осыдан басқа Қазақстан тәуелсіздігіне арналған концерттер де ұйымдастырдық.  2014 жылы алғаш рет Астана қаласында «Түркия-Қазақстан достық кеші концерті» өтті. Оны біздің жолдасымыз белгілі таеквондо спортының шебері Мұстафа Өзтүріктің туғанына 60 жылдығына арнадық.  Бұл Профессор Әбдіуақап Қараның көмегімен болды. Сол кісінің көмегімен Қазақ қорымен бірге біз де бардық. Біз үшін бұл тарихи оқиға болды. Өте маңызды, мағыналы болды. Атамекенде алғаш рет Түркияның қазақтары болып барып сол жерде өздерінің әндерін шырқады. Сол үш ән айтылды. «Атажұртым», «Сағындым», «Сені қалай ұмытайын» деген әндер. «Сағындым», «Сені қалай ұмытайын» Зейнелдің әні, «Атажұртым», әні менікі, сөзі Ибрахим Ақсел ағамыздыкі болатын.  Астанаға шашу ретінде сол әнді бірінші рет апардық.

- Астанада өткен әндердің нотаға түсіп кітап та болды ғыой.

- Дұрыс, «Түркия мен Қазақстанның достық кеші» дедік. Сол мәдениет жағына қызмет жасау мақсатымен де көп жұмыс істедік деп ойлаймыз. Неге десеңіз, бұл жерден түріктің бір әнін апардық «Ескі достар» деген. Сол әнді Қазақ филормания оркестрі ойнады. Оны қазақшаға аударған Әбдіуақап Қара. сол әнді нотасымен бірге «филармония» оркестріне бердік. Менің «Алтау тауы» деген әнімді сол кісілерге бір жыл бұрын өткізіп, концертте берген уақытта, сахнадағы Түркияда тұратын компазитор Бешир Ахмет Көсенің әні «Алтай тауым» деп айтқанда, қатты толқып сезімге берілдім. Мен сахнаның артында тұрғанмын. Өтірік айтпайын, жылап жібердім. Біз үшін бұл үлкен қуаныш болды. Бұл біз жете алатын жеңіс емес еді. Құдай тағала бізді осы күнге жеткізді. Және үлкен жаңалық болды. Түркия қазақтары үшін мақтаныш болды. Сол кісілер,70 кісімен «филармония» оркестрімен осы әнді айтқан кезде сахнада отырған кісілердің барлығы жылы қабыл алды. Сол күні ең соңғы болып біз сахнаға шықтық.  Халық бізді өте қатты бауырына басты.  Неге десеңіз, концерт біткен соң, бәрі риза болып, кетпей тележурналисттер, компазиторлар, кетпей менімен танысып, сұхбат алып бізді қатты қуанышқа бөледі. Атамекенге барып-келіп тұрамыз. Сол кездерге өте қатты қуанамын, риза болдым, әсер алдым. Сол сапарда 2 күн болдық Астанада. Өтірік айтпайын, ұйықтамадым десем де орны бар. Ұйықтамай, қуанып ұшып-қонып келдік. Керемет, естен шықпайтын, тарихи күн болды. Енді біз көз жұмып бұл дүниеден көшіп кететін болсақ, арман болмас еді.

- Аталарыңыз да риза болды ғой, «Алтай тауым» деп жылап еңіреп, Атамекенге жетіп отыр.

- Шынын   айтсақ,  сол кісілердің дұғасымен болды барлығы. «Алтай тауым» сол кісілердің дұғасымен...

- Сосын Астанаға тағы бір ән апарған сыяқты едіңіз ғой!

Иә, Мұстафа Өзтүріктің сөзіне жазылған, әнін Абдулғани Мәкім деген жолдасым әнің жазған еді. Ол Мұстафа Өзтүріктің өзінің әкесіне арнап жазған әні екен. Бұрында бірге жүргенде сұрағанбыз, «бұл әнді қалай шығарып жүрсің? Қайтіп? және неге жаздың? Кімге жаздың? Сүйгенің бар ма? » дегенде, «Жоқ» деді. « Мынау менің әкем үшін арнағаным, әкемді өте жақсы көремін. Мен әкем үшін өлемін» деп , қандай ұлтшыл көрдіңіз бе?!Әкесі үшін ән жазатын Түркияда жігіттер шықты.

- Айтып жіберсеңіз.

- «Жұлдыздарды тілейсің бе?
Күнді алып бер дейсің бе? 
Тағы саған арнағаным.
Жанды қосып бер дейсің бе? 
Бұлбұл құстар сайраған,
Гүлшешектер бақшадан,
Бір уыс гүл берейін.
Қабыл алсаң мен саған.
Жұлдыздарды тілейсің бе?
Күнді алып бер дейсің бе? 
Тағы саған арнағаным.
Жанды қосып бер дейсің бе?» деген Мұстафаның осы әні де нотаға  түсті.  «Мемлекеттік Филармония» оркестрі 70 кісімен осы әнді айтты. Енді бізде айтары жоқ, көзіміздің жасы сарқылған күн болды.  Өте әсер алдық, өте керемет кеш болды. Ерекше жақсылық болды.

- Көрген  түстей болып кетті десеңізші!

- Түсімізді айтсақ сенбейміз ғой. Біреу айтса сенбейміз. Соның бәрі, шынға айналып, рас болды. Енді тағы бір ән, Абдулвахап Қара ғалым баурымыздың жазған бір әнін домбыраға түсіріп жатырмын. Құдай қаласа осы наурызға дайындап шығарамыз. Әннің аты – «Атамекен».  Сол «Атамекенді» домбыраға салып жатырмыз қазіргі уақытта. Мүмкін 2 айда көпшілік қауымға ұсынамыз деп ойлаймын. Құдай қаласа, Алла аманшылық берсе. Иншалла осы жылы осы ән шығады. Құдай жеткізсе, ден сау болса шығарамыз. Әзірге осы жұмыстармен шұғылданып жатырмыз.

- Көп рақмет сізге. 

Әбдіуақап Қара

Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

Оставить комментарий

Связанные Статьи