24 сәуірде Азамат Сатыбалдының «Бір сен үшін...» фильмінің жабық көрсетілімі болып, өнерсүйер қауымға таныстырылды деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі тілшісі.
Фильмнің тұсаукесер көрсетіліміне Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ақсақал актер Асанәлі Әшімов пен көптеген өнер адамдары, БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Азамат Сатыбалды мен актриса Зарина Карменовалар басты ролдерін сомдаған «Бір сен үшін...» фильмінің көрсетілімінде көз жасына ерік бергендер болды, фильм аяқтағаннан кейін көрермен қауым ұзақ қол соқты.
Фильм туралы Азамат Сатыбалды «Бұл арманнан туған дүние, режиссер Ардақ Төлеубай екеуіміз үш жыл бұрын сапарда жиі бірге болдық. Сол кезде осы фильмнің идеясы туды. Ұшақтағы газетте жазылған статистиканы қарасақ Қазақстан әлемде ажырасудан 27 орын алады екен. Оның көбі жастар. Неге екенін зерттедік біраз, сөйтсек қазір біздің жастарда үміт жоқ екен, сенім жоқ, арман жоқ, махаббат жоқ. Сондықтан да біз жастарға ой салатын отбасы туралы фильм түсіруге ниеттендік. Мені қолдаған барша әріптестеріме алғыс айтамын. Кино көптің еңбегі.», - деді. Оның айтуынша фильмде жұмыс істегендердің барлығы негізінен дебютант болып табылады. Азамат Сатыбалды продюсер ретінде, Ардақ Төлеубай режиссер ретінде осы фильмде алғаш рет бақ сынады.
«Cinema 28» деп аталатын жаңа киностудия ұсынған жаңа қазақша мелодрамада басты рөлді сомдағандар өздеріне рөлдерінің қиынға соқпағанын айтады. Олар бұған дейін де театр саласында істес болған. Бұған дейін Азамат Сатыбалды мен Зарина Карменова Ерғалиевтің «Қас қағым» трагедиясы мен Володиннің «Қоштасқым келмейді...» драмасында бірге ойнаған.
Өзекті отбасылық мәселелерді қамтыған фильмнің ұзақтығы 98 минут. Фильм негізінен Алматы қаласында, Алматы төңірегінде, өткен жылдың жаз маусымынан бастап түсірілген. Фильмнің композиторы Ұшқын Жамалбек, сценарий авторы Ләззат Түлкібаева, Қоюшы операторы Жантай Қыдырәлиев, Қоюшы суретшісі Назира Байбекова. Фильмнің тұсаукесер көрсетілімі бүгін Астанада, ертең 26 сәуірде Қостанайда өтеді.
Қалың көрерменнің есіне сала кететін болсақ, 27 сәуірден бастап «Бір сен үшін» отандық мелодрамасы айналымға шығады.
Оставить комментарий