Массагет қазақ жастар порталы бір ай бұрын «АЙНА» жаңа жобасын қолға алды. Мақсаты – өнер-ғылым әлемінде жүрген тұлғалар жөнінде құнсыз ақпаратқа құнығатын оқырманның талғамын жоғарылату.
Бүгінгі шығарылым 24 жасында «Қазақ КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері» құрметті атағына ие болған, Қазақ КСР-ның Халық артисі, Өнертану ғылымының профессоры, «Парасат» Орденінің иегері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының кеңесшісі Есмұхан Обаевтың ішкі әлеміне үңілуге арналады.
Балалық шақ дегенде Есмұхан Обаев еріксіз күрсінеді. Азаппен, аштықпен, жоқтықпен өткен кезең Обаевтың замандастары үшін ауыр болды.
«Ауылда терезеден қарап тұрып: «Шіркін-ай, етігі бар адамдардың өмірі қандай рахат! Мектепке аяқтары ауырмай баратын...» деп ойлайтынбыз. Заманның сол кездегі әсері, адамның уақытпен күресуі, заманды адамның тәрбиелеуі, осындай кезеңдерден өткенбіз» дейді өнер қайраткері.
Сондай-ақ, тауға қарауды жақсы көретінін айтты.
«Тауға қарасам, жастық шағымды, әке-шешемді, жақсы уақыттар мен өкініштерді ойлаймын. Таудың алдында есеп беріп тұрған дұрыс, себебі тау ешнәрсені жасырмайды, тау адамды сілкінтеді, тау адамды көтереді, тау көрген сайын рахат сезімге бөленемін».
Парасатты өнер иесі алғаш өнер жолына қалай келгенін де айтты. Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, Қазақ КСР-нің Халық әртісі Асқар Тоқпанов Есмұхан Обаевты өнерге әкелген еді. Сол кісімен кездесу – әртістің өнер жолының кілті болы табылады.
Атақ жайлы да сөз қозғады. Оның ойынша, атақ адамды бұзбайды, атақ денсаулық бермейді, асып тұрған мәртебе бермейді. Алғаш атақ қазақ театрында істеп жүргенде ойламаған жерден берілген екен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қоғам қайраткері» атағын иемденді.
Халық әртісінің «ұлы» деген сөз турасында ойы: «Мен көрген ұлылар пайғамбар типтес көрінетін. Таза, мейірімді, мінсіз, қарапайым, кішіпейіл, білгір, түзу адамдар еді. Шындыққа, еңбекқорлыққа, туралыққа үйретті.
Есмұхан Обаев үшін бақыт кілті – тірі жүруде. «Қуанған адамды көру – бақыт, жылаған адамды жұбату – бақыт, ауырған адамның көңілін сұрау – бақыт» деп ойымен бөлісті.