"Қамшы" – еркін ақпарат алаңы. Ой ортақтасып, пікір жарыстыру оқырманның еншісінде. Естеріңізде болса жақында «Қамшы» порталында танымал қазақстандық теннисші Зарина Дияс туралы ауқымды мақала жарық көрген болатын. Мақалада, Қазақстанның бірінші ракеткасы - Заринаның мемлекеттік тілде сөйлемейтіндігі сынға алынған еді. «Қамшы» порталы ресейлік «Советский спорт» басылымына сілтеме жасай отырып, теннисші Зарина Диястың Қазақстан теннис федерациясы туралы мәлімдемесіне де тоқталған болатын. Бұл мақала қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік желіде қызу пікір-талас тудырып, мәселе ушығып кеткен еді. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралының мақаласын қазақстандық «sport.nur.kz» сайты жариялаған болатын.
Ресейлік басылым жариялаған алғашқы мақалаға қатысты танымал теннисшінің өзі үн қатыпты. Бұл туралы «Қамшы» сайты Vesti.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қазақстандық әлеуметтік ортада қызу талқы тудырған даулы сұхбатқа қатысты теннисші Зарина Дияс жаңа мәлімдемесінде жасаған. Онда, Зарина ресейлік басылымға сұхбат бермегенін айтқан екен. Сондай-ақ, «Советский спорттағы» материалдар жалған екенін, өзінің Қазақстан теннис федерациясын сыамағанын және мемлекеттік тілге деген құрметсіз сөздер айтпағанын айтыпты.
-Мен «Советский спорт» басылымына сұхбат берген жоқпын. Ондағы ақпараттар ойдан құралған және менің атымнан жазылған,-дейді Зарина Дияс.
Ескерте кетейік, қазақстандық теннисші қыздың сұхбаты «Советский спорт» басылымына 6-шілде күні жарияланған болатын.
Ал Зарина Дияс – Қазақстанның бірінші ракеткасы және WTA рейтингісі бойынша 34-орынға табан тіреген.
Ал мақалада аты аталған тағы бір қазақстандық эстрада жұлдызы – Ділназ Ахмедиева «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы болған оқиғаға қатысты жауабын беріпті. Ділназ ханымның өзі әлеуметтік желіні пайдаланбайтындықтан, жауабын құрбысы, танымал продюсер – Алуа Қонарова жеткізді.
- Құрметті достар! Аталмыш сұхбат осыдан 10 жыл бұрын бір журналға жарияланған болатын. Ал қазір ол журнал жабылып қалған. Мен бұл журналдың редакциясын іздестірген болатынмын, таппадым. Себебі, олар менің атымнан жалған ақпарат таратқан екен. Яғни, олардың әуелгі мақсаттары осы болған. Осы елде өмір сүре тұрып, өсіп-өніп, осы елдің нанын жей тұра, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атағын ала тұрып, «бұл ұлтты жек көремін» деуім, тіпті ұят болар еді. Мен Қазақстанда, қазақтардың арасында тұрамын және мен қазақ ұлтына деген өшпенділігім жоқ. Бұл ақымақтық болар еді және ондай сұұрақты маған ешкім қойған жоқ. Қойса да, менің жауабым мүлде басқаша болар еді. Мен Қазақстанды жақсы көремін! Менің ең жақын құрбыларым, достарым – қазақтар! Сондықтан, менің атымнан таралған жалған ақпаратқа сенбеулеріңізді өтінемін. Барлығыңызға тыныштық пен жақсылық тілеймін! Құрметпен, сіздердің Ділназ!
Нұргелді Әбдіғаниұлы