Қазақстандағы ең танымал – «Х-Фактор» телешоудың үшінші кезеңінің жеңімпазы – Евгения Барышева Қарағанды қаласында жаңа «гей клуб» ашпақшы. Бұл туралы «Қамшы» порталы informburo.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Идея авторы Евгения Барышеваның айтуынша, ол сексуалды ұстанымын жоғалтқандардың сапында емес. Алайда, әншінің жолдастырының көбісі – біржынысты қатынасты қолдайтындардың қатарынан болып шыққан.
«Гейлердің арасында менің таныстарым, жолдастарым көп. Түсініңіздер, олар Қарағанды қаласында демалатын бірде-бір орын жоқ. Бір сөзбен айтқанда, олар қоғамнан аластанғандар. Сондықтан, мен қалада гей клуб ашқанды жөн көрдім. Онда менің достарым үшін барлық жағдай жасалған. Бірақ, онда кез келген адам кіре алмайды. Тек таңдаулы адамдар ғана кіре алады»,-дейді Барышева ханым.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың көктемінде ҚР Парламентінде «гомосексуализмді насихаттаушыларды қудалайтын» заң жобасы қабылданбай қалған болатын. Міне, дәстүрлі жыныстық қатынас өкілдері классына жатпайтын, біржыныстылар үшін бұл тиімді болғаны сөзсіз. Қазақстанда олардың құқығын шектейтін «заң» жоқ болғандықтан, енді гейлер мен лесбияндар елде еркін тайраңдауға көшкен екен.
Иә, көптен бері жұртты дүрліктіріп жүрген мәселе – біржынысты отбасылардың құқықтарын заңмен реттеу болатын. Әуел бастан жаратылыс екі бүтін, еркек пен әйелден тұрғаны белгілі.
Бұлар ұрпақ жалғастыру үшін жаратылған. Біздің танымымыздағы отбасы осылардың арасындағы байланыстың көрінісі болатын. Кейінгі кездері біржынысты отбасы деген ұғым пайда болды. Оларды бәленше емес, түгленше емес, Еуропаның елдері қолдап отыр. Қоғамнан орын бөліп беріп, құқығын заңмен реттеп, тіпті, әлеуметтік жеңілдіктерден де шеттетпеген оларды.
Сол айтқандарымыз – «Гейлер» мен «Лесбияндар». Былығы мен шылығы көп Батыс үшін бұл қалыпты. Алайда, біз секілді мемлекеттерге, оның ұстанған діні мен тұлғалық қағидаларына мүлдем қайшы бұндай заң есерлік һәм ессіздік болып көрінетіні анық. Әңгімені бұлай бастауымның себебі 26 маусым американдықтар үшін айтарлықтай ерекше күн болып қалды тарихта. Себебі, бұл күні АҚШ жоғарғы соты елдегі біржынысты отбасылардың құқығын теңестіру туралы конституциялық емес заң жобасын мақұлдады осы жылы.
Енді өзара келісім бойынша жанұя құрған біржыныстылар да күнделікті тұрмыстық жеңілдіктерге, алиметке, мемлекеттік төлемақыларға ие бола алады. Олардың отбасын құрып, бала асырып алуларына да рұқсат. Оларға тіпті, мешіт, шіркеу секілді ғибадат орындарында неке қиюларына да мүмкіндік бар. Бірақ, исламда да, христиан дінінде де қағидат бұған қайшы. Англия мен Францияда заң құқықтық күшіне енген. Масқарасы, АҚШ президенті Барак Обама да осы заңды құптаушылардан болып шықты. Бұлардың қатарында Нидерланды, Белгия, Испания, Канада, Норвегия және Дания секілді мемлекеттер де бар. 2013 жылдың 12 ақпанынан бастап Францияда бір жынысты неке туралы заң жобасы парламент тарапынан мақұлданды.
Атақты антрополог Эдвард Вестермактың «The History of Human Marriage» атты ғылыми еңбегінде: «Неке-бір немесе бірнеше ер адамның бір немесе бірнеше әйелмен заңмен құпталған бірлескен ұйымы» деп көрсетілген екен. Алайда, соңғы он жылдың ішінде «неке» ұғымы мүлдем өзінің мағынасын жоғалтқан болса керек, жынысы бір адамдар қоғамда іріткі салып жүр. Бұлар психологиялық ауруға душар болғандар дейді мамандар.
Таразының екінші шетінде: мемлекетті азғындауға душар ету арқылы, рухани һәм адами ұжданына шабуыл жатқандай көрінеді маған. Ұлтты қарусыз жаулау, ұрпақты іріту, шіріту, болашағына балта шабу. Бұл өте тиімді әдіс емей не? Демократиялық бағыт, былай қарасаңыз. Бірақ, бұның артында көздеген бір мақсаттың жатқаны анық!
Қазір қоғамның өзі бір жыныстыларды өз ортасынан оқшаулауда. Сіз білерсіз, бәлкім білмейсіз көгілдір еркектердің өздері жік-жікке бөлінеді екен. «Гетро», «метро», «гомо», «андрогины», «транцвистит» т.с.с. Бұл еркектердің жаңа типтері. Ерім дер ер азаматтарымыз қызтекеліктің құрсауында жүргенде әлемді әйелдер билеп-төстеген алмағайып заманның тумасына не шара. Естімеген елде көп: Гетросексуалдылық – бұл бір-біріне қарама-қайшы жыныстағылардың арасындағы қарым-қатынас екен. Бұны ең алғаш 1886 жылы Рихард Крафт-Эбинг өзінің «Жыныстық психотопия» атты кітабында жазады. Ал метресексуал дегеніміз – еркектердің жыныс таңдамайтын жаңа түрі. Олар сыртқы келбетіне баса назар аударады. Тіпті жыныс мүшесінің формасына да ерекше көңіл бөлетін, жыныстық қарым-қатынастан шаршамайтын еркектің бір түрі мыс. Гомо –бұл да біржыныстылардың арсындағы сексуалдық қатынас. Енді бірі тіпті масқара. Андрогины деп аталатын бұл түрге жататын еркектер әйелдердің орнына подиумға шығады. Әрине, әйел бейнесінде. Транцвистит деген тағы бір топқа жататын еркектер мүлде жынысын ота жасау арқылы ауыстырып жібергендер. Бұндайлар да бар арамызда. Әуел баста еркектің бір-ақ түрі бар емес пе еді? Ол, жауырыны қақпақтай, иықтары тоқпақтай азамат деп айтуға арланбайтын арландар. Әйелінің жары, баласының әкесі, отбасының отағасы – еркек. Енді, сараптап көрелікші.
Матриархат құрудың бір жолы емес пе бұл?! Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі демей ме дана қазақ. Бастамасын батыстан алған біржынысты отбасы түсінігін көршілес Ресей жатырқай танып, оларға қарсы заң қабылдады. Егер бір жыныстағы азаматтар немесе азаматшалар отбасын құруға талпынса, бұл әрекеттерін насихаттаса заң аясында жауапқа тартылады. Тіпті, бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Қазіргі уақыттаТайланд – осындай біржыныстылардың отаны іспеттес. Бұл жердегі ер азаматардың басым көпшілігі жыныстарын ауыстырған. Бұндай бассыздыққа баруларының бір себебі, Тайланд теңізінде балықтың бір түрі өседі екен. Аталық балық, уақыт өте келе, аналыққа айналып кететін көрінеді. Бұл аңыз оқиға болғанымен астында анау айтарлықтай астар жатыр түсінгенге. Еркектердің езге, әйелдердің жезге айналып бара жатқанын көзіміз көріп жүр. Тіпті, бала тауып байып жатқан еркектерді де әлем әспеттеп жатыр. Қазір Америка біржыныстылардың бұл бастамасын құптап отыр. Себебі, Америкалық гейпарадшылардың ұстанған ұстанымы мынадай: «қазір түсінбейтіндермен дауласудан еш пайда жоқ. 50 жылда қоғам өзі-ақ бәрін қабылдайтын болады». Бұл әзірге нәтежиесіз емес. Батыстық жұлдыздардың көбі осы бастамашылдардың бұрмалауында. Мысалы әйгілі актер Элтон Джон өзінің жұбы Девид Ферниш екеуі 2005 жылы заңды некеге отырған. Мамандар бұларға қарап психикалық ауытқуға ұшырауы мүмкін дейді. Жоқ, бұл мемлекетті жоюдың жолы, ұлтсыздықтың, ұждансыздықтың көрінісі. Азған елге тозған арба айдату. Бірте-бірте қоғамда қалыпты жағдайға айналып кететін бұл сұмдыққа ертен өскелең ұрпақ тартылмасына ешкім кепіл бола алмайды. Еске түсірейікші, кешегі Лут пайғамбардың дәуірінде де адамдар азғындап, гомосексуализм кең етек жайылған еді. Сонда Хақ Тағала оларды жазаламап па еді. Ендеше 50 жылда қоғамда біржыныстылық қалыпқа енетін болса, артында үлкен азаптың, заманақырдың тұрғаны ма?! Тіпті, бүгіннің өзінде балаңыздың басы осындай озбырлықтың ортасында болуы бек мүмкін.
Соңғы кездері шөлмектің шеңгелінен босамайтын әкелер мен аналардың қоғамда қаптап кетуінен, тәрбиеге көңіл бөлінбей жүргені, кейбір байбатшалардың қағазбастылығынан баланың не істеп, не қойып жүргенінен мүлде бейхабар екені рас-ақ. Отбасындағы әкелік тәрбиенің жеткіліксіздігінен, аналық мейірімнің азығынан небір жігіттеріміз жібектей майысқан, қыздарымыз қылығын жоғалтқан бөденеге айналып бара жатқаны ащы болса да шындық. Гейлер» мен «лесбияндар» лаңы ішке бұққан жыланға айналмасына кім кепіл?!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Оставить комментарий