Астана қаласының іргесіндегі Қоянды ауылында 10 жасар қыз суға батып кеткен. Дәл сол кезде оқиғаға куә болғандар көмекке ұмтылғанымен, қыздың тек жансыз денесін судан алып шыға алған. Ал бұл кезде өзге демалушылар дым болмағандай, мәйітті жағаға тастай салып, алаңсыз суға шомыла берген. Бұл туралы «Қамшы» порталы Baq.kz және КТК арналарына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Кісі шошырлық көріністерді сол маңда жүргендер ұялы телефонына түсіріп алған. Марқұм қыздың денесін демалушылар матаға орап, топырақ үстіне тастай салыпты. Әлеуметтік желілерге таралып кеткен бұл жан түршігерлік видео қазақстандық әлеуметтік ортаның ашуын туғызған. Тіпті, фейсбук желісінің қолданушылары бұл аяуассыздыққа ел болып күресуге үндеу жасаған.
Ал видеода адамдар бала-шағасымен мәйіттің жанында мәз-мәйрам боп суға шомылып жатқан. Не жағажай әкімшілігі, не үлкендер жағы бас болып денені таса жерге апаруды да ойланбаған. Қайта қызықтап ұялы телефонға түсірген.
Ал куәгерлердің айтуынша, жасөспірімнің мәйітін алып кетуге жедел жәрдем 1 сағаттан соң бір-ақ, жеткен. Негізі марқұм жеткіншек, жағажайға әкесімен келіпті.
Кейін ол баласын жалғыз қалдырып кетіп қалған. Оралғанында, қызының өлі денесін ғана құшақтап қалды. Ал жеке жағажай әкімшілігі өздеріне шаң жуытар емес.
“Қоршаулар орнатқанбыз. Демалушылар бұзып кетіп жатыр. Ал суға тұншығып өлген қыз саяжай жақтан келген. Күнде әкесімен бірге осы жерде шомылып жүретін”, дейді жағажай қызметкері Азат Жамантаев.
Мысалы, Айдос Жұқанұлы атты фейсбук пайдаланушысы «Марқұмның алдынан жарылқап, арты қайырлы болсын. Ей, адамдар (қазақтар) азып бара жатқан сияқтысыңдар...» десе, Әнуар Шотбай есімді қолданушы «Бұл диагноз. Хайуаннан төмен түсіп кеттік» дейді.
Нұрзат Тоғжан
Оставить комментарий