Қазақ ұлты бүгін аса қауіпті де қатерлі кезеңде тұр. Барлық жағынан алып қарасаңыз да солай. Саясаткерлерді былай қойғанда, кез келген көзі қарақты қазақ азаматы соңғы жылдары ұлттық мәселеде, құндылықтарымызды жаңғырту бағытындағы жұмыстарда алға басудан көрі кері кетушіліктің басым болғанын анық аңғарады. Иә, мемлекеттік деңгейдегі қазақ тілінің жағдайы мүлде сын көтермейді. Есесіне, біздің биліктің биік дәлізінде жүргендер жағымпаздық жарысынан алдарына жан салмауға кірісіп кеткендей құдды. Жо-жоқ. Президент Назарбаевтың саяси карьерасына, сіңірген еңбегіне ешкім көз алартып қарамайды, әрине. Жақсылық айтылуы тиіс, егер... Тек мұның аяғы жеке басқа табынушылыққа ұласып кетпесіне кім кепіл? Сонымен, «Қамшы» порталы соңғы кездері қазақстандық саясаткерлер мен кәсіпкерлердің Президент Назарбаев алдында жекелеген имидждарын көтеру үшін жасаған күлкілі һәм ерсі әрекеттерін назарларыңызға ұсынады.
1. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Президент алдында құрдай жорғалайтын шенеуніктердің көшін бастауға әбден лайықты адам десек, артық айтпаған болар едік. Жақында Астана қаласында ашық аспан астында «Аида» операсы қойылды. Арыстанбек Мұхамедиұлы операны қою үшін ел бюджетінен 150 млн тенгені тіпті аяған да жоқ.
1.1 Сонымен қатар, министрдің Елбасы суретін Ұлттық мұражайға ілу үшін 130 млн теңгеге картина салдырып жатқаны да мәлім болды.
1.2 Өткен жылғы қарашадағы ауыр атлетикадан әлем чемпионаты есіңізде болар. Зілтемірді шырқ үйірген Илья Ильин төртінші мәрте әлем біріншілігінің алтынын қанжығасына бөктеріп, Әнұранымыз ойналып жатқанда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы зыр жүгіріп, ұялы телефонын тебіреніс пен толғаныс үстінде тұрған Толағайға сасып-сабдырап тықпалай берді. Онысы аздай, әнұранмен шаруасы жоқ шенеунік біреу-міреу қоңырау шалып қалар деп, қолындағысына қайта-қайта қарағыштаумен болды. Иә, Президент Назарбаевтың қоңырауына жауап бермей қалса, жағдайы қиындап кетер еді ғой.
2. Нұрлан Смағуловтың патша алдындағы жағымпаздығы бүкіл әлеуметтік желі қолданушыларының күлкісін келтіргені бар емес пе?! ЭКСПО-2017 көрмесінің ғимаратын таныстыру сәтінде Нұрлан мырзаға Президент Назарбаев: «Басқа атау таппадың ба? Мега? Сен барлық Қазақстанға өзіңнің мегаңды тықпалап болдың ғой» дегенде әккі кәсіпкер «Біздің басқаша атауымыз бар. Нұрплаза деп атасақ қалай болады? Егер сіз рұқсат берсеңіз, әрине»,- деп жұртты күлдіріп еді. Нұрлан мырзаның жағымпаздығына қайран қалған Елбасының өзі: «Күліп жіберіп, мен ол үшін айтып отырғаным жоқ. Сен осылай әдемі жағымпаздануды қайдан үйренгенсің?» деп сұрақты төтесінен қойған. Сонда Смағұлов сері секем алдырмастан «Өмір үйретті, Нұрсұлтан Әбішұлы!» деп жауап қайырған болатын.
Иә, Президент Назарбаевқа қарата жағымсынушылар нендей теңеулерді айтпады десеңізші? «Ақ Патшам», «Мен Нұрсұлтан Назарбаевты Нұх Пайғамбарға теңер едім», «Нұрсұлтан Әбішұлы – Мұхаммед пайғамбарға теңеуге тұрарлық», «Оған Халық қаһарманы атағын беру керек» деді, т.б. Ал сіз қандай жағымпаздықты білесіз?
Нұргелді Әбдіғаниұлы
«Қамшы» сілтейді
Оставить комментарий