Жол ережесін бұзған патшайым қалай жазаланады?

/uploads/thumbnail/20170708190539382_small.jpg

Ұлыбританияда көлікті құжатсыз меңгеруге хақылы  жалғыз-ақ адам бар. Ол  Елизавета II патшайым. Өткен жексенбі күні патшайымның саябақ ішіндегі көгалды көлікпен басып өтіп бара жатқанын ерлі –зайыптылар көріп таң қалған екен.  Бұл туралы «Қамшы» порталы vesti.ru. сайтына сілтеме жасап отырып хабарлайды. Шіркеуден қайтып келе жатқан патшайым  саябақ ішінде жас баласымен қыдырып жүрген жұбайларға кедергі жасамау мақсатында көгалды басып, жастардан айналып өтуді құп көрген екен. 23 жасар  Скарлетт Винсент патшайымның  өздеріне  қол бұлғап өтіп бара жатқанын көріп таңқалған. «Біз өзіміздің күнделікті тақырыбымызды талқылап кетіп бара жатқанбыз. Артымыздан көліктің келіп қалғанын байқамаппыз да. Көлік бізді айналып өтіп, қол бұлғағанда таң қалдық» ,-дейді Скарлет. Жексенбі күні ашық аспан астында, саябақ ішінде алаңсыз қыдырып жүрген жас жұбайларға біздің елдегі жағдайды айтсаң, таң қалатын шығар. Патшаны былай ысырып тастап, мықты бір комнанияның тізгінін ұстағандар есік алдында ойнап жүрген баланы оп-оңай қағып кете алады. Саябақты айтпағанда, жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жолақтан  қыл көпірден өткендей, білетін сүрелерімізді ауызға алып, тілімізді кәлимаға келтіріп өтетініміз жасырын емес қой. Себебі жүргіншілерге арналған жолақты жолда сізді бір дөкейдің баласы қағып кетсе, құныңызды өтеп ала алмай қаласыз. Оларға заң да, ереже де қауқарсыз. Негізі адамды адам заң арқылы емес, адами құндылықтар арқылы сыйлағанға не жетсін? Әйтпегенде әлгі патшайымның мүмкіндігі мен құқығы барлығынан биік емес пе? Ол ақсүйектің ұрпағы. Бірақ ол өз азаматтарын сыйлайды. Мемлекеттің азаматтарын ақсүйектің сыйлауы бір күнде қалыптаса салған жоқ. Ол үшін қаншама тарихи күрестер орын алды. Адам- басты құндылық.  Әсіресе тым аз ұлт үшін бұл бұлжымас қағидаға айналуы тиіс болатын. Ал бізде барлығы керісінше. Жол апатынан көз жұмып жатқан отандастарымыздың саны күн өткен сайын артып келеді. Қауіпсіздік белдігін таққалы, бейнебақылау орнатқалы жүргізушілер арасындағы тәртіп жолға қойылды деп жатамыз. Тәртіп ең алдымен адамның ішкі әлемінде жолға қойылуы керек. Алдымен елге үлгі болатын азаматтар заңды бел ортасынан күйретіп кетпей сыйлайтын болса, тұрғындардың да заңға деген құрметі арта түседі. Шығарған солқылдақ заңды өзіңе қарай иліктіргің келетінін білгенде, қарашаның  алдында қадірің қала ма? Береке-бірлік, ауызбіршілік пен татулық деп ұрандаймыз. Өзіңнің бір сәттік сыйың жоқ жерден қайтіп береке таппақсың? Патшайым жас кезінде жүк көлігін айдап, қоғамдық жұмыстар атқарған екен. Ол жексенбі күнгі әрекеті арқылы патшазадаларда құлқын ғана емес, қолқаның да бар екенін аңғартып өтті.Осылайша бір сәттік шешімі арқылы тағы да ықыласқа бөленіп жатыр. Оның сол күнгі әрекетін барлығы жарыса жазды. Адамдық батыс пен шығысты талғамайды. Кеудеде адамның жүрегі соғып тұрса, оны жер шарының барлық тұсында абыройымен алып жүруге тиіспіз.

Айнұр Төлеу

Оставить комментарий

Связанные Статьи