Жақында Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев «Бішкек-Балықчы» автомагистральінің ашылу салтанатында халыққа өкпесін білдірген. Бұл туралы «Қамшы» порталы Азаттықтың қырғыз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Автомагистральінің ашылу салтанатының ресми бөлімінде қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаев мырза сөйлеп жатқанда, жиналған топтан бір қария шығып, Президенттің сөзін бөлген. Қария Президентке уәжі бар екенін айтып, сөз сұраған. Ал бұған өкпелеген Атамбаев мырза қарияны көпшілікті сыйлауға шақырып, ресми жиыннан соң жеке жолығатынын айтқан. Бұған құлақ түрмеген соң, Президент мырза халыққа өкпесін білдірген.
Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан Президенті:
- Барлығымыздың жағдайымыз қиын. Бірақ, енді бірімізді-біріміз сыйлайық. Тәртіп деген болу керек. Бардакты тоқтатыңдар.Мен сізге содан кейін жолығамын дедім ғой. Тағы не керек?! Құрметті жерлестер, ренжімеңіздер, бірақ өзінің Президентін сыйламағанды Қырғызстаннан ғана көрдім. Өзбекстанға, Ресейге, Түркияға, Қытайға, Еуропаға барсам да мұндайды көрмеппін. Жұлынып, жұлқынбай, тәртіпті бұзбай, өзімізді сыйласақ, кішкене елімізді сыйласақ қайтеді. Мені сыйламасаңдар, мені сайлаған елді сыйлаңдар. Бірде-бір мемлекетте мұндайды көрмеппін. Қайсында бар мұндай? Мен бір қалаға барсам, жиналған топтың шетінде тұрып алып, «Ей, Алмас бері кел!» дейді. Ұялмайсыңдар ма? Мен Қырғызтан үшін, қырғыз елі үшін жанымды беріп, денсаулығымды беріп жүрмін. Мына істеліп жатқан жұмыстардың барлығы оңай дейсіңдер ме?! Қанша мемлекетке барып, тілемшідей болып жүрмін. Осы жолдар салынсыншы деп, Қырғызстанның келешегі ашылсыншы деп (басын шайқаған).
Нұрзат Тоғжан