Қарағанды облысындағы су тасқыны кезінде үйлері жарамсыз болып қалған тұрғындардың барлығына бірдей мемлекеттік бюджет есебінен баспана тұрғызылмайтын болды. Бұл туралы «Қамшы» порталы Азаттыққа сілтеме жасайды. Бүлінген үйлерінің құжаттары толық емес отбасыларға жапа шеккендерді қолдау қорынан бөлінген қаражат есебінен басқа жерден баспана салынбақ.
«Қор» деп отырғанымыз - әкімшіліктің ұйымдастыруымен жұрттан жылу жинау мақсатында ашылған «Қарағанды облысындағы тасқыннан зардап шеккендерге көмек қоры».

Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының басшылығы сәуір айында болған тасқыннан бүлінген үйлердің арасында «проблемалық үйлердің» бар екенін растаған. Бұрынғы қожайындары Ресейге не Германияға көшіп кеткен, ал жаңа иелері құжаттарын өздеріне рәсімдемеген, кейбір үйлердің тіпті құжаты жоқ. Заң бойынша, үйлерді бюджет есебінен бұзып, орнына жаңасын салуға болмайды. Сондықтан әкімшілік мұны халыққа ескерткен. Дегенмен, жергілікті өкімет тасқын кезінде үйі қирағандардың бір де бірі далада қалмайды деп уәде берген. Енді олар мәселені басқа жолмен шешпек: Қарағанды облысындағы тасқыннан зардап шеккендерге көмек қорының есебінен басқа жерден тұрғын жайлар салу жоспарланған.
- Үйді тек заңды иесінің рұқсатымен бұза аламыз. Біз оларға бюджет есебінен үй сала алмаймыз. Себебі ертең үйдің заңды егесі келіп, оларды шығарып жіберуі мүмкін. Сондықтан біз қордың есебінен [тасқын кезінде] сол үйлерде тұрып жатқан кісілерге басқа жерден жаңа үй тұрғызамыз. Кейін қор әлгі үйлерді зардап шеккендерге тапсырады. Құрамына 11 елдімекен кіретін Бұқар жырау ауданында осындай 63 «проблемалық үй» бар, олардың 43-і тасқыннан ең көп жапа шеккен Мұстафин кенті мен Нұра бекетінде орналасқан, - деді Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Асхат Әли.
Нұрзат Тоғжан