ДСҰ-ға мүшелік - еліміздің сауда-саттық әлеміндегі көкжиегін кеңейте түсетін қадам - С.Зәкенов – Маңғыстау облысы

/uploads/thumbnail/20170708191822870_small.jpg

АЛМАТЫ. Қамшы порталы - Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу - еліміздің сауда-саттық әлеміндегі көкжиегін кеңейте түсетін қадам. Маңғыстау облысындағы Ш.Есенов атындағы КМТжИУ проректоры техника ғылымдарының докторы, профессор Сембіғали Зәкенов республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында осындай өз пікірін білдірді.

Жуырда еліміздің ішкі беріктігін тұрақтандырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «100 нақты қадам» міндеттемелік бағдарламасын қабылдап, барар болашағымызға қажетті ең маңызды жүз қадамды анықтаған еліміз үшін тағы бір айтулы сәт орын алды. Ол - Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы сынды әлемдегі іргелі ұйымға мүше болып, әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа қырына қадам басуы болып отыр.  

Әлемнің 161 елі мүше болып табылатын аталмыш ұйым­ның қатарына ену бұл бір-екі жыл­ғы жұмыстардың жемісі емес. Бұл - Мемлекет басшысы Н.Назар­баевтың мемлекетіміздің әлемнің алдыңғы қатарлы елдері санатына қосылуы үшін алдын ала жос­парлап, іс жүргізу тетіктерін әу бас­тан орайластыра жүргізген саяса­тының нәтижесі. Он тоғыз жыл бойы әрі пісіп-жетілген, әрі сына­лып-шыңдалған жоспар-жоба­ның нақты сипатқа ие болуы. Бейбітшіліксүйгіш ұстанымы жағынан ұқсас Швейцария елінде, Же­неваның төрінде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы еліміздің даңқы мен беделін төрткіл әлемге тағы бір танытып, тәуелсіздігін жариялағанына ширек ғасырға жетеғабыл уақыт бол­ған елдің алып армандары мен асқар мұраттарын, қандай іргелі, ауқым­­ды қадамдардан бас тартпай, өзіне се­німді түрде алпауыт жобалар мен қадамдарға қаймықпай бара ала­тын тегеурінділігіне тәнті ете түсті.

Аталмыш ұйымның елдерді мүшелікке қабылдау жөніндегі департаменті директоры Ч.Осаквенің журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында Қазақстанның ұстанған саясатын, ел тізгінін ұстаған Елбасы Н.Назарбаевтың көрегендігін және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын зор ықыласпен атап өтіп, Қазақстан сынды тоқырау жылдарындағы экономикалық қиындықтарды еңсеріп, алыс болашаққа сеніммен ұмтылған елдің ДСҰ-ның да қуатын арттыра түсетіндігіне сенім білдіруі - біздің еліміздің ұстанған даму бағыты алыстағы айбынды елдердің қолдау-қуаттауына ие екендігін, тіпті, біздің елмен әріптес болуға ықыласты екендігін танытты.

Президент Н.Назарбаев соңғы жылдардағы экономикалық әлеуеттің қарқындылыққа ие болып, елеулі оң өзгерістердің орын алғандығын айта келіп, ДСҰ-ға мүше болғаннан кейін­гі қолға алынуы тиіс басым бағыттарға шолу жасап өтті. Ол қаржы қызметін ырық­тандыру, телекоммуникация саласының қызмет сапасын арттырып, қызмет бағасын төмендету мәселелері. Табысты болып саналатын аталмыш бағыттарға шетелдік инвесторлардың тартылуын қамтамасыз ету мәселесін де ортаға салып, Қазақстанда инвесторларға жасалатын жағдай мен берілетін жеңілдік-мүмкіндіктерді атап өтті.

Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу Қазақстанның сауда-саттық әлеміндегі көкжиегін кеңейте түседі. Отандық өнім өндірушілерге бәсекелестік пен оған қабілеттілік қажеттілігі туындап тұр. Жаңа жұмыс орындарын ашып, тұтынушының таңдау және сапалы да арзан тауарға қолжетімділігін қамтамасыз ететін, сол арқылы отандастарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын арттыруға ықпал ететін қадам болуымен де құнды.

Заман талабы жалқы болып оқшаулануды емес, жалпыға қарай оңтайлануды, өзіндік мақсат-мүдделерін ұстана отырып бірігу мен кірігуді, әлем халықтарының жер шалғайлығына немесе басқа да әртүрлі себептерге қарай сан мыңдаған бөлшектерге бөлінуі мен өзара жұтылуына емес, жұдырықтай жұмылып, өзара ықпалдаса әрекет етуін қажет етуде. Қазақстанның айтулы ұйымға мүше болуы - мемлекетіміздің нығаюы, өзгелермен тең дәрежеде ықпалдасып, өзгені тыңдай, өзін тыңдата білетін белді мемлекетке айналу жолындағы сәтті қадамы. Бұл жетістікке біздің елімізде бұған дейінгі жүргізілген ізгі бастамалар мен құтты қадамдардың жалғасы, болашақ баянды өмірімізге бас­тар жаңалықтардың бірі ретінде сеніммен қараймыз. 

Дереккөзі: ҚазАқпарат

Оставить комментарий

Связанные Статьи