Мұнайлыда «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңа дәрігерлік мекемелер ашылуда

/uploads/thumbnail/20170708191825292_small.jpg

Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының шапағаты Мұнайлыдағы Батыр ауылына тиді. Бейсенбі күні Батыр селолық округында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылып, ел игілігіне тапсырылды. Бағдарламаның игілігін көрген  батырлықтардың мерейі өсіп, көптен күткен қуанышқа кенелді.  

Салтанатты сәтте облыс әкімінің бірінші орынба­сары С.Алдашев ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, игі істің ілгері басуына құтты қадам  тіледі. 

– Бүгін ел игілігіне берілгелі тұрған дәрігерлік амбу­латорияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бері Президентіміз Н.Назарбаевтың басшылығымен тұрғындардың әл-ауқаты мен мемлекетіміздің өркендеуіне бағытталған жүйелі реформалар жүргізілуде. Тек қана Мұнайлы ауданы құрылғалы бері  денсаулық сақтау саласы бойынша 8 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы мен аудандық 1 емхана іске қосылды. Осы дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру жолында ел игілігіне қызмет етеді. Мұндағы біліктілігі жоғары медицина қызметкерлері ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, халық денсаулығын жақсарту мақсатында жалықпай жұмыс жасайды деп сенеміз. Талайдың тәніне саулық, жанына мейірім сыйлаған ақ халатты абзал  жандарға  халық  үшін игілікті істеріңізге сәттілік тілеймін» деген Сүйіндік Тасеменұлы медициналық мекемеге түрлі-түсті  теледидар тарту етті. 

Ауыл тұрғындары атынан сөз алған Бе­кет атаның ұрпағы Б.Сандыбеков ша­ғын елді мекеннің шырайын кіргізген жаңа денсаулық сақтау нысанын салып, қазына қаржысын халық игілігіне айналдырған облыс әкімдігіне, «Альянс ЛТД» ЖШС директоры А.Керелбаевқа шексіз алғыс айтып, көпшілік қауымға ақ батасын берді. Құрметті қонақтар­дың құттықтау лебіздері толастағаннан кейін облыс әкі­мінің бірінші орынбасары С.Алдашев пен ауыл тұрғыны Б.Сандыбеков жаңа амбулаторияның лентасын қиды. Ауыл іргесінде типтік үлгіде бой көтерген медициналық меке­менің ішін аралап, кабинеттермен танысты. 

– Қазіргі таңда болашағы бар, өсіп-көркейіп келе жатқан Батыр ауылында  халық саны 2700-ге жетті. Оның ішінде бір жасқа дейінгі  80 сәби, 55 жүкті әйел бар. Бұрын  басы ауырып, балтыры сыздаған Батыр ауылының тұрғындары 25 шақырым жердегі Маңғыстау селосына барып, қаралатын. Өткен жылдан бастап, осы Батырда фельдшерлік- акушерлік пункт ашылды. Халық саны өсімінің артуына байланысты дәрігерлік амбулатория ашу қажеттігі туындап, жаңа медициналық мекеме бой көтерді. Құны 182 млн.болатын нысанда шаруашылық бөлмелерін қоспағанда дәрігерге дейінгі кабинет, терапевт пен акушер, тіс емдеу, қан алу, несеп талдау, егу кабинеттері, физиокабинет, ем-шара кабинеттері мен 40 адам ем алатын төсек-орны сайлы күндізгі стационар бар. Мұнда екі дәрігер мен 12 орта буынды мейірбике жұмыс жасайды. Толықтай заманауи үлгідегі  медициналық құрал-жабдықтармен, құрылғылармен жасақталған. Биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Астана, Алматы, Ақтөбе қаласындағы академияның түлектері біздің ауданымызға келеді. Он екі жас маман тамыз айынан бастап, ауданымыздағы медициналық мекемелерде жұмыс жасайтын болады,-дейді аудандық аурухананың директоры А.Шыршықбаев. 

Облыстық денсаулық сақтау басқарма­сының мәліметінше, биыл облысымызда «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы  бойынша 8 медициналық мекеме бой көтерген. Соның 7-еуі дәрігерлік амбулатория болса, біреуі  фельдшерлік- акушерлік пункт. Сондай-ақ, алдағы уақытта Қызан және Өмірзақ селоларында дәрігерлік амбулатория ашу жоспарланып отыр екен.   

– Мемлекеттің белгіленген нормативі бойынша, халық саны екі мыңнан 10 мыңға дейін болса, ауылда дәрігерлік амбулатория салынуы қажет. Облыс аумағында шағын елді мекендердің ұлғаюына байланысты осындай медициналық мекеменің іргесін қалап, ел игілігіне тапсыруды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы Маңғыстау ауданындағы  Шетпе-1 шағынауданында, Мұнайлыға қарасты Басқұдық ауылында селолық емхана  салуды мақсат етіп отырмыз. Облысымызда үш жылжымалы медициналық кешеннің біреуі  облыстық аурухана жанында тұратын. Соның біреуін Мұнайлы ауданына бердік. Медициналық кешен бүгін Батыр ауылында жұмысын бастады. Алдағы уақытта кесте бойынша барлық ауылдарға барып,  халыққа көмек көрсетеді,-дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Р.Бектубаев.

Дереккөзі: Мangmedia.kz.

Оставить комментарий

Связанные Статьи