АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда рейтингтік дауыс беру әдісі арқылы жыл сайын өткізілетін «Алтын жүрек» республикалық сыйлығы үміткерлерінің есімдері белгілі болды.
Биылғы жылы «Алтын Жүрек» сыйлығына барлығы 150 өтінім берілген. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Солардың ішінде 80 өтінім жеке тұлғалардан келіп түскен. Сараптамалық Кеңес отырысында өтінімдердің ішінен әзірге әр аталымға үш үміткерден таңдап алынды. Ал енді Қоғамдық Кеңес мүшелері жасырын дауыс беру арқылы солардың ішінен жеңімпаздарды анықтайды.
Қоғамдық Кеңестің құрамына қоғам және мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар, кинематографистер, БАҚ өкілдері енген. Олардың ішінде танымал жазушы-драматург Ахметжан Әшіров, Vласть интернет-журналының бас редакторы Вячеслав Абрамов, кинорежиссер Сергей Азимов, тележүргізуші Қымбат Хангелдина бар.
«Алтын жүрек» сыйлығына қазылық ету өте қиын. Ұсынылған тұлғалардың барлығы да құрметке лайық, жүрегі алтын адамдар ғой. Барлығын да марапаттағың келеді. Бірақ, өкінішке қарай, әрбір аталымда бір ғана жеңімпаз болуы шарт. Мен өз басым қайырымдылықпен айналысатын адамдардың алдында басымды иемін. Олар қоғам тарапынан үлкен құрметке лайық азаматтар. Осы сыйлықты ұйымдастырушылар тарапынан қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Сондықтан, қоғам тарапынан бұл шараға үлкен қолдау қажет», - деді Қымбат Хангелдина.
«Алтын жүрек» бойынша 11 аталым белгіленген. Олар: «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін», «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Спортты дамытып, оны қолдағаны үшін», «Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін», «Жыл меценаты», «Ақпараттық қолдаушы», «Жылдың қайырымды адамы», «Жыл ұйымы», «Денсаулық сақтау саласына қолдау көрсеткені үшін» және «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» аталымдары.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, 2015 жылы келіп түскен өтінімдерге сәйкес, республикамызда биыл 12 миллиард теңгеге қайырымдылық шаралар жасалған.
Аталымдар бойынша жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі 2015 жылғы 27 қазанда кешкі сағат 18-00-де Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында болады.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Оставить комментарий