ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында 4 жасар баланы зорлап, өлтіргені үшін айыпталған Т.Ізбақиевке қатысты қылмыстық істі қарау аяқталып, сот үкімі шықты. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.
«Алматы облысының тумасы, Меркі ауданындағы Ақермен ауылында тұрған Қырғызстан Республикасының 55 жастағы азаматы Тұрсынжан Ізбақиев балаға қарсы аса ауыр қылмыс жасаған: 2015 жылдың 16 мамырында күндіз Ізбақиев Т. балалардың ойын алаңында жалғыз өзі ойнап жүрген, көрші тұратын 4 жасар О.есімді баланың қасына барып, оның әлсіздігі мен қасында ешкімнің жоқ екенін пайдаланып, қолымен баланың бетінен бір соғып, есінен тандырған. Одан кейін баланы өз үйіне әкеліп, бүлдіршінге қатысты сексуалдық сипаттағы зорлау әрекеттерін жасаған», - делінген қадағалау органы баспасөз қызметінің ресми хабарламасында.
«Одан кейін Ізбақиев Т. қылмысын жасыру мақсатымен кішкентай О-ны өлтіруді шешкен. Сол үшін оң жақ қолымен баланың тыныс алу жолдарын жауып, тұншықтырып өлтірді. Жасаған қылмысын түсінген Ізбақиев кішкентай баланың денесін ауласында тұрған жұмыс істемейтін тоңазытқышқа жасырған. Баланың мүрдесі бір айдан соң табылды», - деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен.
Қылмыстың қоғамда үлкен шу шығарғанына байланысты Ізбақиевқа қатысты қылмыстық істі Жамбыл облысының прокуратурасы тергеді.
Мемлекеттік айыптаушының ұсынысы қолданып, Ізбақиев ҚР ҚК-нің 121-бабының 4-бөлімі (кәмелеттік жасқа жетпегенге қатысты сексуалдық сипаттағы зорлау әрекеттерін жасау), 99-баптың 2-бөлімі (қылмысты жасыру үшін, әлсіз жағдайда болған адамды өлтіру) бойынша Жамбыл облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен толықтай айыпты деп танылып, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Процесс жабық сот отырысында өтті.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Оставить комментарий