ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Бүгін Таразда Шэньси провинциясының Сяньян қаласы (Қытай Халық Республикасы) мен Жамбыл облысының Тараз қаласы (Қазақстан Республикасы) арасында достық қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.
«Атлетик» орталығында келіссөздер үстелінің басында қытайлық компаниялар мен жамбыл өңірінің басқару құрылымдарының өкілдері жиналды. Олардың арасында ҚКП комитетінің Сяньян қаласындағы хатшысы Вей Си Тин мырза мен «И-Зе Фуца» шай компаниясының президенті Ма Хын Гон мырза болды.
Қазақстандық және қытайлық тараптар аймақтар арасындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен болашағын егжей-тегжейлі талқылап шықты. Өзара тиімді ынтымақтастықтың басымдық салалары ретінде ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс саласы аталған.
Еске сала кетейік, Н.Назарбаевтың ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында Қазақстан дүнгендері қауымдастығы мен «И-Зе Фуца» компаниясы қайта жандандырылған Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуін құру идеясын қолдау мақсатында «Қытай-Қазақстан: Ұлы Жібек жолының шай мәдениеті» достық пен ынтымақтастық керуенін ұйымдастырды. Кеше Таразда Қытайдан бір жылдан астам уақыт бойы Ұлы Жібек жолы бағдарымен жүрген жаяу керуен экспедициясын салтанатты түрде қарсы алу шарасы өтті. Керуен «И-Зе Фуца» компаниясының Шэньси провинциясында өсіріп жүрген фуца атты бағалы емдік шайын жеткізді.
Сяньян - ауылшаруашылық ауданының маңызды сауда орталығы.
Шэньси провинциясының Сиань қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан Сяньян қалалық округіне 3 аудан, 1 қалалық уез, 10 уез кіреді. Тұрғындар саны - 5 млн. астам адам. Сяньяннің көлік торабы, әуежайы, дамыған машина жасау, сондай-ақ тоқыма, тігін, фармацевтикалық, тамақ өнеркәсібі бар. Мұнда электроника және құрылыс материалдары шығарылып, дәстүрлі қолөнер гүлденіп отыр.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Оставить комментарий