ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараздағы Төрткүл керуен сарайында қытайлық Сиань қаласынан Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау қарсаңында шығып, бір жылдай Ұлы Жібек жолы бойымен жүрген экспедицияны қарсы алды.
Еске сала кетейік, 2014 жылғы қыркүйекте Сианьнан ежелгі сауда жолымен «Қытай - Қазақстан: Ұлы Жібек жолының шай мәдениеті» достық және ынтымақтастық керуені Жібек жолының экономикалық белдеуін құру идеясын қолдау мақсатында жолға шыққан болатын. Керуен құрамында 55 түйе бар, бұл Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын білдіреді. Жүзден астам керуеншілер Таң әулеті дәуіріндегі киімдер киіп, күзетшілері ертедегі ұзын сапты найзалармен қаруланған. Керуен Шэньси провинциясында өсірілетін фуца емдік шайын әкелді.
Қашықтығы 7 мың шақырымнан асатын саяхатты ұйымдастыруға Қазақстанның дүнген қауымдастығы мен қытайлық «И-Зе Фуца» компаниясы (Сиань) ниет танытты.
«Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шараларға қатысу мен үшін үлкен мәртебе, - деді «И-Зе Фуца» компаниясының президенті Ма Хын Гон. - Қазақстан Президенті мен халқына бақыт пен денсаулық тілеймін. Ұлы Жібек Жолын жандандыру бойынша шаралар алға қойылған мақсаттарға жеткізеді, елдеріміздің сауда-экономикалық дәлізін жаңартып, Қазақстан мен Қытай арасында өзара тиімді және тату көршілік қатынасты нығайтатынына сенемін».
Тараздың батыс бөлігінде орналасқан Төрткүл керуен сарайын 2008 жылы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары қазды. 80 шаршы метр аумақта қонақ үйлер, моншалар және Ұлы Жібек жолының керуен сарайларын қамтыған барлық инфрақұрылымы бар ежелгі керуен сарайдың қалдықтары табылды.
2010 жылы жүргізілген қалыпқа келтіру жұмыстарына қазынадан 97 млн. теңге бөлініп, 5 метрлік қабырғалар көтерілді, ішкі интерьер жаңадан құрастырылды.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Оставить комментарий