АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Ақтау декларациясы: Синергия және оқшаулау» атты халықаралық форум өтті. Оған машина жасау және инжиниринг саласында қызмет атқаратын 70 қазақстандық кәсіпорын мен 30 шетелдік өндірушілер, сондай-ақ, ҚР Энергетика министрлігі мен Инвестиция және даму министрлігінің өкілдері қатысты.
«Қазақстандық кәсіпорындарды мұнай және газ саласына тарту және қазақстандық үлесті арттыру арқылы отандық индустрияны дамыту - еліміздің басымды міндеттерінің бірі. Бұл форумның басты мақсаты - қазақстандық кәсіпорындарды осы саладағы іріктеу және тендер жүйесімен таныстыру. Бұлар қазіргі таңда әр түрлі корпоративтік рәсімдерге негізделген. Ал бұл отандық өндірушілер үшін көптеген қиындықтар тудырады. Осы мәселені шешу қажет», - деді «KAZENERGY» қазақстандық мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ бас директоры Әсет Мағауов.
Ол сонымен қатар өз сөзінде осыдан үш жыл бұрын қол қойылған Ақтау декларациясы аясында ірі операторлар, инвесторлар мен мемлекеттік мекемелер өз мойындарына өзара тәжірибе және мағлұматтар алмасу, тұрақты оқшаулау үдерісі мен жергілікті мазмұнды арттыру стратегиясын қалыптастыру міндетін алғандығын айтты.
«Үстіміздегі жылдың бірінші қыркүйегіне қарай қазақстандық өндірушілердің тауарлары мен көрсететін қызметтерін сатып алу туралы келісімшарттардың жалпы сомасы бір триллион теңгеден асып кетті. Жыл соңына қарай бұл соманың көлемі арта түсетін болады», - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бизнесті қолдау бойынша басқарушы директоры Серік Кеулімжаев.
Оның айтуынша, отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу - ДСҰ шеңберінде бәсекелестікті болдырмауға және оларға өз қызметтерін жоспарлауға, өндірісті жаңартуға мүмкіндік береді.
«1993 жылдан бері «Теңізшевройл» компаниясы күні бүгінге дейін 19,1 млрд. долларға қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алған. 2013 жылдың соңында біз ҚР Үкіметімен өзара түсіністік, инвестицияны арттыру, білім беру және жұмыспен қамту бойынша меморандумға қол қойғанбыз. Болашақта өндірісті кеңейту және басқару жобалары аясында бізде 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылатын болады», - деді «Теңізшевройл» ЖШС Бас директоры Том Миллер.
Сонымен қатар, форум барысында «Қарашығанақ», «Теңіз» және «Қашаған» жобалары бойынша кадр, тауар өндіру және қызмет көрсету мәселелері талқыланды.
Одан басқа, Еуропа қайта құру және даму банкі мен бірқатар отандық және шет елдік компаниялар арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Оставить комментарий