АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облыс әкімі, облыстық «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібековтің төрағалығымен жемқорлықпен күрес жөніндегі аймақтық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлады «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметінен.
Отырысқа «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы жанындағы, сонымен қатар, Қазақстан Рес¬публикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі департаментіне қарасты Қоғамдық кеңестердің мүшелері шақырылды.
Жоғарыда аталған кеңестің және Қарағанды экономикалық университетінің бастамасымен жемқорлық барынша белең алған мемлекеттік органдарды анықтау мақсатында аймақ тұрғандары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілген. Сауалнама қорытындысы туралы экономикалық және құқықтық зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының директоры Талғат Ханов қысқаша баяндама жасады.
Сонда-ақ, күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алғашқысы, ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын және көлеңкелі экономикамен күрес шараларын жүзеге асыру бойынша Қарағанды облысындағы 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралармен танысу. Екінші мәселе, «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасының жүзеге асу барысы.
Отырыс соңында Нұрмұхамбет Әбдібеков сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресті белсенді етуді тапсырып, барлық қала және аудан әкімдеріне, облыстық басқарма басшыларына жемқорлық заң бұзушылық және қылмыс жасалған жағдайда дербес жауапкершілікке тартылатындары туралы қатаң ескерту жасады.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Оставить комментарий