АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мәминмен бірге «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының бірнеше нысандарын аралап қайтты, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Сапар барысында олар аймақты дамытуға қатысты жобалардың жүзеге асырылу барысына қатысты сұрақтармен қатар, әлемнің ең ірі «DubaiPortWorld» логистикалық компаниясының бірлескен басқаруындағы «Құрғақ порттың» операциялық қызметінің қазіргі жай-күйімен танысты.
Сонымен қатар, Нұркент елді мекенінің негізіндегі жаңа қаланың бірінші кезектегі құрылысын жүргізудің бас жоспары жобасымен және құрылысы 2016 жылы аяқталуы жоспарланған «Алматы - Қорғас» автомобиль жолы құрылыс жобасының іске асырылу барысымен танысты.
Естеріңізге сала кетсек, «Құрғақ порт» өзінің операциялық қызметін екі айдың көлемінде жүргізуде. Еуроодақтан ҚХР-ға және ҚХР-дан Евразия құрлығына автомобиль көліктерін тасымалдау қызметін көрсетуде. Қызметкерлердің штаттық бірлігі жергілікті тұрғындардан жасақталған. Олар әлемнің алдыңғы қатарлы логистикалық орталықтарынан білімдерін жетілдіріп тұрады. «HewlettPackard», «DBSchenker», «Toyota», «FESCO», «BRAVIS» компанияларымен «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында өңдеп, Алтынкөл станциясы арқылы контейнерлік поездарды транзиттеуді қалыптастыру бойынша келісімшарттарға қол қойылды.
Сондай-ақ «Құрғақ порт» жобасы аясында теміржолдың кірме жолдары, қоймалар мен контейнерлер алаңы салынды. Осы кезеңде «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында экспорттау-импорттау бойынша сауда-саттық операцияларын қалыптастыру және келісімшарттық логистика бойынша 5 инвестициялық жоба іске асырылуда. Тағы 10 жоба қарастырылу үстінде. Жобалардың инвестициялық жалпы құны 300 млн. теңгені құрайды.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобалар Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін дамытуға және Жаңа Жібек жолы экономикалық белдеуін құруға үлкен серпін беретіндігі анық.
Оставить комментарий